Telegram-арналардың бірінде Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген ақпарат тараған еді. Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері осы жайтқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, 9 қарашада сағат 19.54-те қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының пультіне қоңырау түскен.
"Жедел жәрдем бригадасы жеткен кезде 1992 жылы туған әйел қайтыс болғаны анықталды. Мәйіт полицияға берілді", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланды.
Бұрынғы ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев бұған дейін де істі болған. Ол 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылған еді.
Бишімбаевтың сот ісі төрт айдан аса уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылған еді. Олар "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері болды.
Кейін экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!