Экс-министр марқұм сенаторды дүйсенбіде кабинетіне барып құттықтамақ болған

Экс-министр марқұм сенаторды дүйсенбіде кабинетіне барып құттықтамақ болған

Бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов сенатор Гүлмира Кәрімованың отбасы мен туыстарына көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Асхат Аймағамбетов жақында ғана Сенат депутаты болып сайлануымен телефон арқылы құттықтағанын, дүйсенбіде кездесуге келіскенін жазды.

"Әріптесіміз, білім беру саласының үздігі, ұстаз, Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Раинбекқызы дүниеден өтті. Сену қиын. Кеше ғана Сенат депутаты болып сайлануымен телефон арқылы құттықтағанымда дүйсенбі күні кабинетіне барып, жеке құттықтап, кездесеміз деп жоспарлап отыр едік. Өте еңбекқор, өз ісінің шебері болған бірегей қызметкер еді. Күн-түн демей еңбек етті. Өте мейірімді, көркем мінезді, білімді тұлға. Осындай жақсы азаматшамен бірге жұмыс істеу мен үшін үлкен мақтаныш болды", - деп жазды экс-министр.

Асхат Аймағамбетов марқұм әріптесін әрқашан күлімдеп жүріп, тапсырманы жоғары деңгейде орындап, сыйлы қызметкерге айналғанын еске алды.

"Гүлмира Раинбеққызы білім беру саласының барлық деңгейінде жауапты қызмет атқарды. Еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастап, мектеп директоры, қалалық білім бөлімінің басшысы, облыстық білім басқармасының басшысы, министрліктің Орта білім комитетінің төрағасы қызметіне жетіп, еліміздің білім беру саласын дамытуға үлкен үлес қосты. Бұл оқу-ағарту саласы үшін орны толмас қаза. Әрқашан күлімдеп жүріп, ұжымды біріктіріп, барлық тапсырманы жоғары деңгейде орындап, министрліктің сыйлы да қадірлі қызметкері болған Гүлмира Раинбеққызының иманы саламат болсын! Барлық жақынына, туысына, шәкіртіне, әріптесіне қайғырып көңіл айтамын", - деп жазды ол.

Бүгін, 27 қаңтарда Сенат депутаты Гүлмира Кәрімова қайтыс болды. Ол сенатор боп жуырда ғана сайланған. Күні кеше депутат куәлігі мен төсбелгісін алған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан