Экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталғаны расталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов айтты.
"Ол ұсталды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Қалғанына қатысты түсінік бере алмаймын. Жұмыс барысында сізге қосымша ақпарат беріледі", - деді министрдің орынбасары.
Қуандық Бишімбаев туралы не белгілі?
Сондай-ақ Сәкен Сәрсенов "қылмыс тіркелген орындағы мейрамхана қызметкерлері жауапқа тартыла ма?" деген сұраққа пікір білдірді.
"Қазір бұл істі Тергеу департаментінің қызметкерлері тергеп жатыр. Содан кейін олар сізге түсінік береді", - деді ол.
Сондай-ақ вице-министр «Қуандық Бишімбаев ұсталған сәтте есірткі қолданды ма?» деген сауалға жауап бере алмады.
"Қазір бұған түсінік бере алмаймын. Тергеу жүріп жатыр", - деді Сәкен Сәрсенов.
Сонымен қатар ол бұрынғы ұлттық экономика министрінің ұсталғаны туралы ақпаратты ІІМ неге кеш бергеніне қатысты түсінік берді.
"(Астана қаласының) Полиция департаменті бәріне бірдей ақпарат жіберді. Сондықтан (оның ұсталғанын полиция – автор) біреуге растады, ал біреуге растамады деп айту дұрыс емес шығар", - деді министрдің орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланды.
Бұрынғы ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев бұған дейін де істі болған. Ол 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылған еді.
Бишімбаевтың сот ісі төрт айдан аса уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылған еді. Олар "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері болды.
Кейін экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!