Ерлан Нысанбаев премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл ақпаратты Үкіметтің баспасөз қызметі растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін Ерлан Нысанбаев экология және табиғи ресурстар министрі лауазымын атқарған болатын. Үкіметтің жаңартылған құрамында бұл ведомствоны енді Әлібек Қуантыров басқарады.
Ерлан Нысанбаев Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Алматы облысындағы Ұйғыр орман шаруашылығының шебері болып бастаған.
1991-2004 жылдары коммерциялық ұйымдар құрылымында жұмыс істеді. 2004 жылдан 2009 жылға дейін "Астана-Көгалдандыру құрылысы" АҚ-да басшылық лауазымдар атқарды. 2009 жылы Орман және аңшылық шаруашылығы комитетін басқарды.
Әр жылдары қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары вице-министрі, ауыл шаруашылығы вице-министрі, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметтерін атқарды.
2021 жылдан 2023 жылға дейін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехника университетінің стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.
2023 жылғы наурыздан бастап Астана әкімінің кеңесшісі болып қызмет етті.
2023 жылғы 5 қыркүйектен 2026 жылғы 28 тамызға дейін экология және табиғи ресурстар министрі лауазымын атқарды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз