Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сотта тараптардың жарыссөзі барысында мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Біртанов екі іс бойынша айыпталып отыр. Біріншіден, Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын жұмысқа қабылдау және пайдалануға беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тағылған. Екіншіден, Біртановқа 2020 жылғы маусымда Тараздан COVID-19 жұқтырды деген күдікпен Астанаға жеткізген кезде санавиация бортын пайдаланды деген айып тағылған.
"Сот тергеуі барысында платформаға қатысты әрі санитарлық авиацияға қатысты мені айыптайтын ешқандай дәлел келтірілген жоқ. Қылмыс туралы деректер ұсынылмады. Соның ішінде лауазымдық міндеттерімді теріс пайдалану туралы - қандай лауазымдық міндеттерді теріс пайдаландым, қандай формада пайдаландым деген нәрселер ұсынылмады. Айыпты жариялаған кезде түсіндірілуін сұрадым. Нормативтік-құқықтық базада бекітілгендердің ішінен денсаулық сақтау министрінің өкілеттігін айыптау кезінде осы тармақтардың ешқайсы нақты қай құқықты дұрыс пайдаланбағанымды көрсетпейді", - деді экс-министр.
Елжан Біртанов бұл іс бойынша барлық бұйрыққа өзінің лауазымдық міндеттеріне сәйкес қол қойғанын мәлімдеді.
"Айыптау актісінде бастапқыда мемлекеттік қызметшінің имиджін жасау мақсаты мәлімделген болса, жеке қызығушылығым қандай болғаны туралы негіздеме ұсынылмады. Менің ойымша, мемлекеттік айыптау іс материалдарында бұл расталмады. Яғни, платформа ісіндегі және санавиация ісіндегі менің мақсатым туралы ешқандай дәлел келтірілген жоқ. Іс жан-жақты емес, яғни қылмыстың егжейі-тегжейі жоқ. Бұйрықтарға қол қойғаным айыпталды, болды. Шын мәнінде, басқа оқиғаларға қатысым жоқ, басқа әрекеттер жасамадым", - деді Біртанов.
Санавиацияға қатысты жағдайды түсіндірген Біртанов сол сәтте өзінің жағдайының нашарлағанын сезгенін мәлімдеді. Ол Астанаға үкіметтік бортпен ұшуы керек еді, бірақ ол кезде премьер-министрмен, Үкіметтің қалған мүшелерімен байланысуға мәжбүр болар еді. Біртановтың айтуынша, ол әріптестеріне ауру жұқтырудан қорыққан, сондықтан ол оқшауланып, санавиация бортын шақыртқан.
"Үкіметтік ұшақ әлдеқайда ыңғайлы. Үкіметтік делегация құрамында өз бетінше ұшып кету әдеті жоқ. Тіпті мүмкін емес. Премьер-министрдің қарамағында бортта кім ұшатыны және кім оралатыны нақты жазылған. Бұлай ұшу қылмыс емес. Ол үшінші тұлғаларды қорғау мақсатында мемлекет мүддесі үшін жүзеге асырылды", - деді бұрынғы министр.
Сотта Біртанов келтірілген залалмен келіспейтінін мәлімдеді.
"Менің ойымша, платформа ісі бойынша ешқандай залал келтірілген жоқ. Платформа бағаланған құнына сәйкес, лицензия мен жұмыс Денсаулық сақтау министрлігінің балансына материалдық емес актив ретінде қабылданды. Жұмыстар өз деңгейінде орындалды", - деді ол.
Айта кетейік, 2020 жылғы 25 маусымда Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртанов 2020 жылғы қарашадан бері үйқамақта отыр.
Бұрынғы министр Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінген еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!