Әділет министрлігінің қызметкерлері экс-министр Марат Бекетаевқа қатысты іс бойынша куә ретінде сотқа шақырылған. Бұл туралы қазіргі әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Сіздің алдыңызда қызмет атқарған Марат Бекетаевтың ісі жақын арада сотта қаралады. Сізді немесе Әділет министрлігінен адамдарды куә ретінде сотқа шақырды ма?" – деп сұрады Мәжіліс дәлізінде журналистер министрден.
Ерлан Сәрсембаев Бекетаев ісі бойынша сот процесі жүріп жатқанын айтты.
"Менің білуімше, іс сотта қаралып жатыр. Министрліктен екі қызметкер куә ретінде шақырылған", – деді министр.
Сәрсембаевтың айтуынша, қазір Әділет министрлігінің ешбір қызметкері Бекетаев ісі бойынша күдікті ретінде танылмаған.
Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың ісіне қатысты деректер құпия. Министр 2023 жылы қазанда қамауға алынған болатын. Күні бүгінге дейін қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.
Бекетаевқа "үлескер компаниялардың мүддесін қолдап, мемлекетке ірі көлемде шығын келтірді" деген айып тағылып отыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз