- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Экс-министр Асхат Аймағамбетов...
Экс-министр Асхат Аймағамбетов ерекше балаларға арналған квота туралы айтты
Экс-министр, Мәжіліс депутат Асхат Аймағамбетов Әйгерім Сейфоллаға берген сұхбатында ерекше балаларға арналған квота туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұрынғы оқу-ағарту министрінің айтуынша, ерекше балаларға жасалған жағдай бес жыл бұрынғысымен салыстырғанда жер мен көктей.
"Соңғы 3,5 жылда бірнеше заң қабылдадық, бірнеше жаңа институттар енгіздік. Тьютор дегенді Президентке дейін жеткізіп, Мемлекет басшысының қолдауымен мектепке енгіздік. Қазір қаншама мектептерде тьюторлар жұмыс істеп жатыр. Солардың арқасында мектепке барып білім алып жүр. Сондықтан, ерекше баламен жұмысты ерте бастау керек.
Жалпы, ерекше балалардың білім алу деңгейі мәселесімен Қарағандыда жұмыс істегенде жақсы таныс болдым. Сол қаладағы бір мектепті пилоттық режимде жүргізіп, инклюзивті мектеп етіп құрдық. Сол кезде өзге ата-аналарда да, ерекше балалардың анасынан да "біз дайын емеспіз" деген жауап алдық. Сөйтіп, министр болған кезде бұл мәселені барынша көтердім. Ерекше балаларды оқытудағы ең басты қиындық - мұғалімдердің дайындығы болды. Сол кезде ЖОО-да болашақ мұғалімдер үшін "Инклюзив" деген міндетті пән енгіздік. Өйткені әр мұғалім ерекше балалармен жұмыс істей білу керек. Бұл тақырыпты мен жақсы көремін", - деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты ерекше балаларға арналған квоталарды атап өтті.
"Ерекше балалардың колледждерде оқуы үшін квота бар. Тиісті бағыттар бойынша оларға мүмкіндік бердік. Адамдар әр түрлі. Кейбір адамдар арбада отырады. Жүру мүмкіндігі бойынша өзінің ерекшеліктері бар. Сіз бен біз сияқты ҰБТ тапсырып, оқуға түседі. Олар тиісті "мүгедектігі бар адамдарға" деген квотаны пайдалана алады. Яғни, аз балл арқылы оқуға түсе алады.
Жалпы ерекше балалар мәселесінде бірдеңе деп айту қиын. "Мұндай мәселеден алшақ боламын" деп айтуға болмайды. Өйткені, аутизм әр адамда кездесуі мүмкін. Біздің қоғамда оларға тән тиісті мәдениет бірте-бірте қалыптасады деп ойлаймын. Қазір мен "мынау дұрыс-бұрыс" деп ақыл айтқаным жөн болмайды. Бұл білім саласынан басталу керек.
Білесіз бе, алғаш рет АҚШ-қа барғанда қатты таңғалдым. Себебі оларда ерекше адамдар көп болды. Ал бізде қоғамда тиісті жағдай жасалмаған соң ерекше адамдар көбінесе үйде отыруға мәжбүр. Біздің қоғамда олар белсенді емес. Сол үшін инклюзивті қоғам құру керек", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов балалары қандай мектепте оқитынын айтқаны туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: "Верден қырғыны" атанып кеткен шайқас қай жылы болды?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы