Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Елжан Біртановтың сотында куәгер болады. Ол экс-басшысының ісіне мемлекеттік айыптаушылар тарапынан келмек, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, бұған Біртановтың өзі де қуанып отыр. Ол кезінде орынбасары болған Цойдың айтқандары сот процесінің әділ жүруіне ықпал жасайды деп сенеді.
"Бұрынғы министр айыптаушы тараптан, яғни прокурорлардың айыбын нақтылау үшін куәгер болып шақыртылмақ. Сот алдында бәріміз тек шындықты айтуымыз керек. Алексей Цой біздің сұрақтарға да жауап береді. Заң аясында жауап берсе, қорғаушы тараптың куәгері болады деп есептеймін. Біздің ешқандай байланысымыз жоқ. Бұл істің негізгі фигуранттары болғаннан кейін, қарым-қатынасымыз заңмен шектелген", - дейді Елжан Біртанов.
Кеше, 12 шілдеде Елжан Біртанов пен тағы бір айыпталушы вице-министр Олжас Әбішев алтыншы рет судьяға қарсылық білдірді. Бұл жолы сот, процесс барысында тілшілерге аудио және видеожазба таратуға тыйым салған болатын. Журналистерге тек сұрақ-жауапты көруге рұқсат етілген. Айыпталушы тарап бұған қарсы. Олар соттағы айтылған шындықтан барлығы хабардар болуы керек деп санайды. Әрі өздерінің кінәсіз екенін ақпарат құралдарының алдында дәлелдегісі келеді екен. Сондықтан бұған рұқсат етпеген судьяға айыпталушы тарап сенімсіздік білдіріп отыр.
"Кейінгі екі жылда қоғам ішінде мен ақша ұрлады деген пікір қалыптасты. Басында 127 миллион деді, сосын 500 миллион, былтыр 1,5 миллиард теңге шығын келтірді деді. Қоғам мені ұры деп ойлады. Сот басталып, тергеу басталғанда бұл айыптау дәлелденбеді. Міне, осындай шын ақпараттар тарап кетпеу үшін бұқаралық ақпарат құралдарының түсіруіне, ақпарат таратуына тыйым салынып отыр. Өйткені о бастан жазықсыз адамдарды ақша ұрлады деп айыптағанын, тергеуде қателік болғанын жасырғысы келеді", - дейді Олжас Әбішев.