Оралдың бұрынғы әкімі және ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты Самиғолла Оразов ұлының Украинадағы Ресей әскері басып алған аумақта екенін растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Азаттық радиосына" сілтеме жасап.
Басылымға берген сұхбатында ол өзінің ұлы Бауыржан Оразов соғыста өз еркімен жүрмегенін айтты. Ол ұлының кейінгі жылдары Ресейде отбасымен бірге тұрғанын, қыркүйекте мобилизация арқылы соғысқа кеткенін мәлімдеді. Оның сөзінше, қазір ұлы Украинаның Энергодар қаласы маңында. Бұл қала шабуыл басталғаннан кейін Ресей әскерінің бақылауында болды.
Самиғолла Оразовтың айтуынша, ұлы бір кездері Оралдағы полицияда жұмыс істеген, бірақ кейін Ресейге кетіп, сол жерде отбасын құрып, бірнеше жыл бұрын Ресей азаматтығына өткен.
"Мобилизация басталған кезде оған "қайтып кел" дедім. Ол: "ой, әке, мені кім алады? 45 жастамын. Денсаулығымда да кінәрат бар" деді. Содан кейін оны әскери комиссариатқа шақырған. "Мына жерім, мына жерім ауырады" деген. Бірақ тыңдамаған. Ешқандай комиссия болған жоқ. "Ол жаққа барғанда сауығып кетесің" деген желеумен жіберілген. Запорожье атом электр станциясы маңында Энергодар қаласы бар. Ол соның маңында", - деді Самиғолла Оразов.
Айта кетейік, ай басында әлеуметтік желілерде автоматпен қаруланған, оқ өтпейтін кеудеше киген адамның суреті тарады. Желі қолданушылары оның ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты Самиғолла Оразовтың ұлы Бауыржан Оразов екенін, яғни Батыс Қазақстан облысы полициясының бұрынғы қызметкері екенін айтқан. Суретті жариялаған журналистер 45 жастағы Бауыржан Оразов Ресей әскері жағында Украинадағы соғысқа қатысып жатқанын мәлімдеген. Оның әкесі әрі экс-депутат Самиғолла Оразов ол кезде шетелде демалыста жүргенін айтып, басылымға жауап бермеген.
Запорожье атом электр станциясы былтыр наурыздан бастап Ресей күштері бақылауында болды, содан бері станция мен Энергодар қаласы үнемі бомбаланып тұрды. Ресей мен Украина бұған бір-бірін бірнеше рет айыптады.
Еске салайық, былтыр қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин елде ішінара мобилизация жариялаған болатын. Сол кездегі Көші-қон қызметі комитеті деректері бойынша, Қазақстанға шамамен 4,3 миллион шетел азаматы келіп, елден 4,1 миллион адам кеткен. Оның ішінде 1 миллион 660 мыңы Ресей Федерациясының азаматтары болған, сондай-ақ, 1 640 000 ресейлік елден кеткен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!