Мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбек көлікпен қағып кеткен адамның жағдайы туралы жаңа мәлімет белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес жол апатынан зардап шеккен 37 жастағы ер адам 15 тамызда ауруханаға түскен. Сол кезде ол анестезиология, жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызылған.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, бүгін жарақат алған сәттен бастап 23-тәулік өткен. Науқас әлі де анестезиология, жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде жатыр.
"Науқастың жалпы жағдайы ауыр күйде қалып отыр. Сонымен қатар, жүргізіліп жатқан қарқынды терапия аясында оң динамика да байқалады. Дәрігерлер емді толық көлемде жалғастырып, науқастың жағдайын бақылауда ұстап отыр", - деді Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өкілі.
Бұған дейін Telegram арналардың бірінде 15 тамызда кешке Жамбыл облысы Рысқұлов ауданында жол апаты болғаны туралы жазба жарияланды. Мәліметке қарағанда, Батыс Еуропа - Батыс Қытай тасжолында жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткен.
Жазба авторларының дерегінше, көлікті Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек тізгіндеген. Дереккөз мәліметіне сүйенсек, зардап шеккен адам аудандық ауруханаға жеткізілген.
Ал Жамбыл облысы Полиция департаменті Рысқұлов ауданында болған жол апатына байланысты соталды тергеу басталғанын хабарлады.
Кейінірек Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпаратқа байланысты жазба жариялап, бұл жайтты растады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз