Бақытжан Базарбек көлікпен адам қағып кеткені рас па? Экс-депутаттың өзі жауап берді

Бақытжан Базарбек көлікпен адам қағып кеткені рас па? Экс-депутаттың өзі жауап берді
Фото: t.me/mazhilis_kz

Экс-депутат Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Telegram арналардың бірінде 15 тамызда кешке Жамбыл облысы Рысқұлов ауданында жол апаты болғаны туралы жазба жарияланды. Мәліметке қарағанда, Батыс Еуропа - Батыс Қытай тасжолында 36 жастағы жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткен.

Жазба авторларының дерегінше, көлікті Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек тізгіндеген болуы мүмкін. Дереккөз мәліметіне сүйенсек, зардап шеккен адам аудандық ауруханаға жеткізілген.

Ал Жамбыл облысы Полиция департаменті Рысқұлов ауданында болған жол апатына байланысты соталды тергеу басталғанын хабарлады.

Экс-депутат не деді?

Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпаратқа байланысты жазба жариялады.

"Менің қатысуыммен болған жол апатына қатысты көптеген болжам мен түрлі әңгімеге жауап бере алмаймын, көп нәрсені жазуға да мүмкіндігім жоқ. Қозғалған соталды тергеп-тексеру аясында мен және жұбайым соталды тергеп-тексеру дерегін жария етпеу туралы қолхат бердік. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір қажет сараптамалар жүргізілуін күтіп отырмыз. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына жан-жақты әрі әділ баға береді деп сенемін. Қазір мен үшін ең бастысы - зардап шеккен азаматтың өзінің, жақындары мен туыстарының қасында болып, оларға көмектесу. Біз бірнеше күн бойы ұйықтамай, туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз", - деді экс-депутат.

Ол көрсетілген шұғыл медициналық көмек үшін аудандық аурухананың дәрігерлеріне, сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғыс білдірді.

"Баршаңызды асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырамын. Осы қиын күндерде алаңдап, қолдау көрсетіп жатқан баршаңызға рақмет!" - деді ол. 

Зардап шеккен адамның жағдайы туралы не белгілі?

Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, жол апатынан зардап шеккен 1989 жылғы ер адам 15 тамызда сағат 20:21-де ауруханаға жатқызылған. Ол қазір анестезиология, жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде жатыр.

Науқастың жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр.

"Емдеу шаралары жалғасып жатыр", - деді дәрігерлер.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget