Экс-депутат Бақытжан Базарбек адам қағып кетті ме? Полиция пікір білдірді

Желіде Мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбек жол апатына түскені туралы ақпарат тарады. Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жаяу жүргіншіні көлік қақты" - желіде не жазылып жатыр?

Telegram-арналардың бірінде кеше кешке Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында жол апаты болғаны туралы жазба жарияланды. Ондағы мәліметке қарағанда, Батыс Еуропа - Батыс Қытай тасжолында 36 жастағы жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткен.

Жазба авторларының дерегінше, көлік тізгінінде Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек болуы мүмкін.

Дереккөз мәліметіне сүйенсек, зардап шеккен адам аудандық ауруханаға жеткізілген.

Полицияның жауабы

Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Рысқұлов ауданында болған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota көлігін басқарған Б. есімді ер адам жолдың көлік жүретін бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Жол апатынан зардап шеккен адам орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді", - деді полиция өкілдері.

Қазір оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Біз экс-депутатпен байланысуға тырыстық, алайда материал жарияланған сәтке дейін жауап ала алмадық.

Айта кетейік, маусымның ортасында Бақытжан Базарбек жеке сот орындаушыларының микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктермен ықтимал байланысы барын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Бас прокуратура анықтаған заңбұзушылықтарға қарамастан, кінәлі тұлғалардың лицензиялары әлі күнге дейін қайтарылмаған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!