Танымал әнші Dequine (Данеля Садықова) әкесі, Мәжілістің экс-депутаты Асқар Садықовтың айналасында туған дауға қатысты алғаш рет пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әртіс жазба жариялады, онда ол бұл оқиға есеңгіретіп қойғанын айтты.
"Соңғы күндері көптеген жаңалық шықты, өз көздеріңізбен көріп отырсыздар, менің әкем Асқар Садықовты жұмыс орнында харассмент жасады деп айыптады. Сіздер сияқты мен де бұл жағдайдан есеңгіреп қалдым. Шынымды айтсам, мен не айтарымды білмеймін. Мұндай жағдайда не істерімді, кімге сенерімді, қалай әрекет етуді білмеймін. Өмір мені бұндайға дайындаған жоқ. Көпшілік алдында харассментті бастан өткерген адам үшін болып жатқан оқиға - үлкен күйзеліс", - деп жазды Dequine.
Қыз әкесіне қатысты болған жағдай оның өміріндегі ең басты екі құндылыққа: отбасы мен әйелдің адалдық құқығына әсер еткенін айтты.
"Мен бірнеше жыл бұрын харассментке және зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне қарсы шыққанымды және қазір де сол принциптерге адал екенімді түсіндіргім келеді. Мен зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісін айыптаймын. Осы қиын кезеңде мені қолдайтын және жанашыр болған адамдарға рақмет. Сіздің қолдауыңыз мен үшін баға жетпес", - деп жазды Dequine.
Депутаттардың абыройына нұқсан - cенаторлар Асқар Садықовтың әрекетіне қатысты
Еске салайық, Азат Перуашев депутат Асқар Садықовтың партиядан шығарылуына қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
"Шағымдардың дені оның теріс іс-әрекеттеріне, атап айтқанда, өкілеттігін асыра пайдалану мен этикалық нормаларды бұзуына байланысты болды. Шағымдардың әрқайсысы бойынша жеке-жеке фактілер келтіруге болатын болса да, бір ғана мысалды атап өту жеткілікті деп ойлаймын.
Мәселен, парламентте (партияда емес) жұмыс істейтін бір әйел адам Асқар Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткені туралы айтып, арызданды. Ол өзінің сөзіне дәлел ретінде уатсабына Асқар Садықовтан келген хабарламалардың скринін көрсетті (этикалық себептерге байланысты оның бопсалауына тап болған әйелдің есімі жасырылған)", - дейді Перуашев.
Арызданушы 17 сәуірде өзіне жазылған мұндай қорлау ұсыныстарға жауап бермей, елемеген екен.
"Алайда 15 мамырда ұсыныстар тағы қайталанған және әйел адамның айтуынша, Асқар Садықов жүйелі түрде басқа күндерде де жыныстық бопсалауды жалғастырған. Бірақ Садықовтың депутаттық қол сұғылмаушылыққа ие екендігіне байланысты, харассментке тап болған жәбірленуші құқық қорғау орнына жүгіне алмаған.
Пленум барысында осындай әшкере болған заңсыз әрекеттерге жол берілмейтіндігі туралы ескертуіме жауап ретінде Асқар Садықов "өзінің депутат екенін және кімге не қаласа соны айтуға құқылы екендігін" айтты. Сондықтан біз бұл кедергіні алып тастадық, ал Асқар Садықовты депутаттық мәртебесінен айыру туралы қабылданған шешім әйел адамға ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға мүмкіндік береді", - делінген жазбада.
Перуашевтің сөзінше, Садықовтың лайықсыз мінез-құлқының басқа да фактілері бар, соның негізінде осындай шешім қабылданған екен.
Артынша Асқар Садықовтың өзі де мәлімдеме жасады. Ол жалпы "халық игілігі үшін жұмыс істеп жүргенін" айтты.
"Мен алты баланың әкесімін және Азат Перуашевтің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірейін деп едім. Мені лас ойындарыңыз бен манипуляцияларыңызға араластырмауды сұраймын. Мен енді үнсіз қалмаймын. Оның мәлімдемесі партия жетекшісінің деңгейіне сай келмейді. Бірақ Азат Перуашевтің өзі халықты адастырған кезі де болған. Оның жұмыс стилі сондай болса керек. Азат Перуашев, егер мені партиядан шығарғыңыз келсе басқа дәлелдер келтірсеңіз болар еді, бірақ сізде ол да жоқ. Олар менің қызметіме нұқсан келтіреді. Менен әлі күнге дейін түсініктеме алынған жоқ.
Екіншіден, партия басшылығы бұл жайт туралы маған ескертпеді. Үшіншіден, бұл мәселе Мәжілістің тәртіптік кеңесінде талқыланған жоқ. Сіздің мәлімдемеңізді оқып таңғалып отырмын. Бірақ сіздің бұған дейінгі жалған мәлімдемелеріңіз БАҚ-тың есіне түседі деп ойлаймын. Азат Перуашев осы ақпарат арқылы өзінің орынбасары жемқор деген ақпаратты жасырып қалғысы келген болар. Менің ойымша, Азат Перуашев, сіз мақсатыңызға жеттіңіз", - дейді Садықов.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!