Алматы облыстық сотында сотталған Жомарт Ертаевқа рақымшылық жасау мәселесі бойынша іс апелляциялық тәртіпте қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейінгі жағдай
Бұған дейін, 2025 жылғы 2 қыркүйекте Алматы облысы Алатау қаласы сотының қаулысымен сотталған Жомарт Ертаевтың өтініші қанағаттандырылып, ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасы заңының 3-бабы 6-тармағына сәйкес оған 11 ай 16 күн өтелмеген жаза мерзімі бойынша рақымшылық қолданылып, босатылған болатын.
Сот мәліметінше, бұл рақымшылық тармағына сәйкес ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған, жағымсыз мінез-құлқы жоқ, өтеуге қалған жаза мерзімі 1 жылдан аспайтын сотталғандарға жазаның өтелмеген бөлігі қысқартылады.
Сот алқасы не анықтады?
Жомарт Ертаев 2020 жылғы 16 қарашадағы және 2021 жылғы 3 наурыздағы екі үкіммен сотталған. 2021 жылғы 25 маусымдағы Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының қаулысымен түпкілікті жаза мерзімі белгіленген.
"Алайда бұл қаулыда бірінші үкім бойынша өтелген жазаны есептеу мәселесі қарастырылмаған. Сонымен қатар, Жомарт Ертаевқа жаза мерзімі қай үкімнен бастап есептелетіні көрсетілмеген. Алатау қаласы сотының қаулысы мен №14 мекеменің анықтамасы арасында өтелмеген жаза мерзімі бойынша алшақтықтар бар. Сонымен қатар, мекеме анықтамасына басшы қол қоймаған", - деп жазылған сот мәліметінде.
Осыған байланысты сотталған Жомарт Ертаевқа рақымшылық жасау туралы сот қаулысы күшін жойған, оның өтініші қанағаттандырылмаған.
Еске салайық, 2020 жылы қарашада экс-банкир Жомарт Ертаев RBK Bank-тен 144 миллиард теңге ұрлағаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Онымен бірге тағы 35 адам сотталды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова