Алматы облыстық соты Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевты денсаулық жағдайына байланысты жазасын өтеуден босату туралы қаулының күшін жойды, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Бұған дейін, 17 қарашада Алатау қалалық соты №57 түзеу мекемесі әкімшілігінің өтінішін қанағаттандырып, экс-әкімді ауыр сырқатына байланысты босату туралы шешім шығарған. Алматы облысының прокуратурасы бұл қаулымен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.
Сот қандай заңбұзушылықты анықтады?
Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот заң талаптарын өрескел бұзды деген қорытындыға келді.
"Сотталған адамның ауру деңгейі Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген, жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейді", – деп хабарлады Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі.
Осыған байланысты Көкірекбаевты босату туралы қаулының күші жойылып, түзеу мекемесі әкімшілігінің өтініші қанағаттандырусыз қалдырылды. Апелляциялық инстанцияның шешімі заңды күшіне енді.
Апелляциялық сот алғашқы отырысқа қатысқан прокурор мен түзеу мекемесі өкілінің Көкірекбаевты босатуды негізсіз қолдағанына назар аударды.
Сот Алматы облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне жекеше қаулы жолдады. Сонымен қатар сотталған адамның жазасын өтеуге кедергі келтіретін ауруы бар деген қорытынды жасаған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне де қаулы шығарылды.
Көкірекбаев не үшін сотталған еді?
Кәрім Көкірекбаев "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесін басқарған кезде аса ірі мөлшерде пара алды деп айыпталған. Іс материалдары бойынша параның жалпы сомасы 396 миллион теңгені құрады. Ал мемлекетке келтірілген шығын шамамен 1,99 миллиард теңге деп бағаланды.
2025 жылғы 3 шілдеде Кәрім Көкірекбаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның бұрынғы орынбасары Әділет Ахатаев пен мердігер ұйымның басшысы Андрей Поплавский 11 жылға сотталды. Үшеуі де мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Кәрім Көкірекбаев 2013–2018 жылдары Жамбыл облысының әкімі, кейін "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметін атқарған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz