Танымал журналист, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы артық салмақпен қалай күрескенін айтты. Ол бұл туралы Instagram-парақшасында жазған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, үш рет артық салмақпен күрескен. Алайда басында нәтижесіз болған.
"Өмірімде үш рет артық салмақпен қатты күресіппін. Ең бірінші кезең - 2000 жылдың басы. Сол кездегі салмағым 80 келіге жақын болды. Себебін білесіз бе? Жай ғана өзімді жақсы көрмеуім. Әйел адамға керегі бір-ақ нәрсе. Махаббат. Өз-өзіңе деген махаббат. Сол кезең әлі есімде… Артық күйзеліс, проблема болса, оның жауабын тамақ шешіп беретіндей көрінетін. Тұрмысқа шығу, үй болу, жұмыста табысты болу қолымнан келмейтіндей болды. Сөйтіп, көп тамақ жеумен өзімді тыныштандыру әдетке айналды. Шіркін, сол кезде біреу келіп, "артық салмақтан денсаулығыңды түземей, өз бетіңше арыла алмайсың" десе ғой. Сенбес едім. Осылайша, диета ұстап, әрең дегенде салмағымды түсірдім. Бірақ нәтижесі көпке созылмады. Тез толып кете бердім…" - деп жазған ол.
Ләйлә Сұлтанқызы босанғаннан кейін қайта салмақ қосып алғанын айтты.
"Сізге де емізулі келіншек көп тамақтанса, сүті құнарлы, мол болады" деді ме? Иә, маған да солай айтты. Екі баладан кейін сүтті шай мен печеньені мен де жақсы көрдім. Сөйтіп, оп-оңай қайтадан 75-77 келі салмағыма жетіп алдым. Босанғаннан кейін жүкті кезімде жиналған 30 келінің 5 келісі ғана кетті. Менің ары-бері жүрген салмағыммен экранға шыққым келді ғой. Не деген амбиция, не деген желание десеңіздерші", - деп еске алған Ләйлә Сұлтанқызы.
Оның айтуынша, "экранға сыймайсың" дейтіндер табылып, оның үстіне күйзеліс қосылып, салмақ қоса берген. Кейін дәрігерге қаралған.
"2012 жылы экранға шығамын деп жүргенде, бір көкем "экранға сыймайсың, Ләйлә" деп шығарып салды. Сол жылы артық салмағыммен тағы да қоштасқым келді. Иә, дегеніме қуып жүріп, әрең жеттім. Бірақ сол сценарий 2018 жылы күйзеліске түскенде (айтып отырғаным, көбіңіз білетін сот ісі) тағы қайталанды. Одан мынау болмайды деп, дәрігерге қаралуды бастадым. Жалпы, әйел 3 жағдайда семіреді: өзін жақсы көрмеген кезде; жүкті кезінде және босанғаннан кейін; күйзелістен. Қыздар, қай жағдайда да, денсаулықты түземей, салмақ тастағаныңыз бос әурешілік!!! Міндетті түрде ағзаға толық check-up жасап, гормондардың жағдайын білген абзал. Жалпы, өз-өзімізден аяу деген табиғатымызда бар ғой. Әлсіреп тұрғанда емес, температура көтерілгенде дәрігерге барамыз, асқазан ауырғанда емес, жара пайда болғанда қарала бастаймыз, бүйрек ауырып бастағанда емес, тас тапқанда ем іздейміз. ...Әйел бақытты болса, айнала да гүлдене түседі", - деп жазған ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!