- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Екпе алған адамдардың...
Екпе алған адамдардың ішкі мүшелерінде спайк-ақуыздар жиналатыны рас па?
Танымал қазақстандық Telegram-арналарда патологоанатом Арне Буркхардттың жақында сөйлеген сөзі туралы ақпарат таралып жатыр. Оның айтуынша, вакцинацияланған адамдардың ішкі органдарында денсаулыққа зиян SARS-CoV-2 коронавирусының спайк-протеині жиналады. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
Алдымен Арне Буркхардттың кім екенін айтайық. Бұл - COVID-19 пандемиясы басталғаннан кейін Желіде танымал болған зейнеткер патологоанатом. Ол COVID-19 қарсы вакциналар қауіпті және марқұмдардың мәйіттерін тексеру олардың өліміне нақты вакцина себеп болғанын дәлелдейді деп бірнеше рет негізсіз мәлімдеме жасаған. Бұл мәлімдемелерді неміс және грек фактчекерлері жоққа шығарды. Олардың айтуынша, Арне Буркхардтың іріктемесі тым аз, оның нәтижелері қайтыс болған вакцинацияланбаған адамдардың тексеру нәтижелерімен салыстырылмаған және қорытындылары объектив емес, біржақты.
Доктор Буркхардтың қазір бұдан артық дәлелдері бар ма? Бұл - белгісіз. Желіде оның сөйлеген сөзінің толық жазбасы жоқ, оны жақтаушылар қайтыс болған адамның ағзасынан коронавирустың спайк-ақуызы табылғаны туралы жазуы бар жалғыз фотосуретті ғана таратып жатыр.
Рецензияланған ғылыми журналдарда доктор Буркхард өз жаңалықтарын жарияламағаны белгілі. Яғни, оның адам ағзаларында спайк-ақуыздардың барын қалай анықтағанын және қанша мәйтітті зерттегенін нақты айту мүмкін емес.
Басқа ғалымдар жүргізген зерттеулер де бар. Олардың нәтижелері ғылыми журналдарда жарияланды және мақұлданған рецензиялар алды. 2020 жылғы наурызда макакаларға жүргізілген тәжірибе дельта тәрізді бұлшық етке салынған вакцина компоненттері инъекция орнында және оған жақын лимфа түйінінде қалатынын дәлелдейді.
Тышқандарға жүргізілген тағы бір ұқсас зерттеу де вакцинаның компоненттері көбінесе инъекция орнында және лимфа түйінінде қалатынын дәлелдейді.
Science ғылыми журналындағы мақалада спайк-ақуыздардың ағзада ұзақ уақыт болмайтыны айтылған. Олар бірнеше апта ішінде толығымен ыдырайды.
2023 жылғы қаңтарда жарияланған зерттеуде спайк-ақуыздардың шамадан тыс өндірілуі және олардың вакцинацияланған адамдардың қанында болуы миокардиттің дамуымен байланысты болуы мүмкін өте сирек құбылыс деп жазылған. Бұл тұжырым қосымша тексеруді қажет ететініне қарамастан, келтірілген деректердің дұрыстығына күмәндануға негіз жоқ.
Ағзаларда спайк-ақуыздардың түзілуі, сақталуы және таралуы туралы рецензияланған зерттеулердің ешқайсысы доктор Арне Буркхардтың теорияларын дәлелдемейді.
Демек, оның мәлімдемелерін негізсіз деп санауға және оларды шын деп қабылдамауға болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек