- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Үкіметтің кеңейтілген отырысы
Экономикамыз Ұлттық қордың қаржысына аса тәуелді болып отыр - Президент

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнестің инвестициялық белсенділігі төмен екенін айтып, Үкіметке Ұлттық қорға тәуелділікті жою керек деген тапсырма берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Премьер-министр Олжас Бектеновтің баяндамасын қабылдады. Премьер-министр өз кезегінде Ұлттық қор қаражатын пайдалануға шектеу қойылатынын мәлімдеді.
"Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, Ұлттық қор қаражаты - тек ірі инфрақұрылымдық нысандарды салуға ғана пайдаланылады. Сонымен қатар мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттырып, бюджет тәртібін күшейтеміз", - деді премьер-министр.
Өз баяндамасында Бектенов субсидиялауға арналған шығындардың барлық салаларда тұрақты түрде өсіп жатқанын, олардың нақты тиімділігі ескерілмей және мемлекеттік органдар тарапынан бақылау әлсіз екендігін атап өтті. Ал Мемлекет басшысы Үкімет мүшелеріне ел экономикасын Ұлттық қорға тәуелділіктен арылту туралы нақты тапсырма берді.
"Экономикамызда былтыр біраз қиындық болғаны рас. Экономиканың дамуына көптеген жағымсыз факторлар ықпал етті. Дегенмен біз ахуалды ушықтырмай, бақылауда ұстай алдық. Нәтиже жаман емес деуге болады. Өткен жылды оң көрсеткіштермен аяқтадық. Алайда жайбарақат отыруға болмайды. Шешім табуы қажет түйткілдер әлі де көп. Мұны сарапшылар да, азаматтар да жақсы біледі. Ең алдымен еліміздің экономикасын әртараптандыру міндеті толық орындалған жоқ. Экономикамыз Ұлттық қордың қаржысына аса тәуелді болып тұр. Бірақ осы жерде атап өтуіміз керек. Ұлттық қор бұл мемлекеттік экономиканың ажырамас бөлігі. Бизнестің инвестициялық белсенділігі әлі де болса төмен деңгейде. Бұл олқылықтарды биылдан қалдырмай дереу жою қажет. Үкімет нақты шараларды қабылдауы тиіс", - деді Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін Астанада президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет