Экологтар Ақтауда ұшақ апатқа ұшыраған жерден топырақ сынамаларын алды

Экологтар Ақтауда ұшақ апатқа ұшыраған жерден топырақ сынамаларын алды
Фото: instagram.com/mangystau_audany

Экологтар Ақтауда Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағы апатқа ұшыраған жерде жұмыс істеді, олар топырақ сынамаларын алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі InAktau.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл жұмыспен Маңғыстау облысының бейінді ведомствосының өкілдері айналысқан.

"Маңғыстау облысы бойынша Экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Embraer 190 ұшағы апатқа ұшыраған жерде қоршаған орта қаншалық ластанғанын анықтау мақсатында топырақ сынамаларын алды", - деп жазылған материалда.

Бұл тергеу жүргізу үшін қажет болған. Нәтижелер кейінірек белгілі болады, мемлекеттік орган мәліметінше, ол қосымша хабарланады.

Айта кетейік, кеше қара жәшіктер Қазақстанға қайтарылғаны белгілі болды. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді. 

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова