Жастардың экологиялық сауат деңгейін арттыру үшін елде Экологиялық жастар театры ашылмақ. Мұны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халық алдында есеп беру кезінде айтты.
Жастардың экологиялық сауаттылық деңгейін арттыру – бүгінгі күннің өткір тақырыптарының бірі. Бұл бағытта, министрлік тарапынан жүйелі жұмыстар легі атқарылып келеді. Биылғы 25 сәуір мен 25 мамыр аралығында ел бойынша 80 мыңнан астам жастар өкілін қамтыған "Киелі табиғат" республикалық экологиялық жобасы іске асты, - деді министр.
Министр бұл бағытта негізінен ақпараттық-ағарту жұмысына баса назар аударылғанын баса айтты.
Алдағы уақытта Экологиялық жастар театры мен арнайы YouTube-арна ашу жоспарда бар, - деді ол.
Жастар саясатын жүзеге асыру барысында шетел мемлекеттерімен өзара тәжірибе алмасу да үнемі назарда.
"Бұл ретте биыл халықаралық деңгейде "Түркістан – түркі әлемінің бесігі", Түркі тілдес елдердің Жастар саммитінің Азиядағы өзара қарым-қатынас пен сенім шаралары жөніндегі кеңес елдері жастарының форумын өткізу жоспарда бар", - деді сөз барысында ақпарат министрі.