Сенат депутаты Мұрат Қадырбек Түркістан облысы Кентау қаласы экологиялық апат аймағы саналатын Арал теңізіне жақын орналасқанын ескеріп, ондағы тұрғындарға үстемеақы төлеуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.
Сенатор 2016 жылдан бастап өңірдегі тұрғындар Кентау мен оның айналасындағы елді мекендерді экологиялық апат аймағы деп тану мәселесін көтеріп келе жатқанын айтты.
"Қазір Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендерді экологиялық апат аймағы деп жариялауды қарастыратын арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Түркістан облысы Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің аумағын экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймаққа кіргізу бойынша заңнамалық тиісті өзгерістер енгізу үшін нақты шаралар қабылдауы қажет", - деді Мұрат Қадырбек.
Депутаттың пікірінше, Кентау қаласының тұрғындарына үстемеақы төленуге тиіс.
"Құрметті Олжас Абайұлы, бұл аумақта жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге экологиялық аймақта тұрғаны үшін әлеуметтік аударымдармен қоса республикалық бюджеттен 20 пайыз үстемақы қаржы қарастыру мәселесін шешуге ықпал етуіңізді сұраймыз", - деді сенатор.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!