- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ЭКО жасатуға квотаны...
ЭКО жасатуға квотаны қалай алуға болады? Нұсқаулық
Биыл Қазақстанда экстракорпоралдық ұрықтандыруға 7000 квота бөлінген. Ал 2021 жылы балалы бола алмай жүрген ерлі-зайыптыларға көмектесуге арналған "Аңсаған сәби" бағдарламасы іске қосылды. Соның арқасында бүгінде елімізде қаншама отбасы перзентін құшағына басып отыр. Бағдарламаға қатысу үшін не істеу керек? Тегін квотаны қалай алуға болады? Massaget.kz тілшісі нұсқаулық-материал дайындады.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Елімізде міндетті медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі шеңберінде көмекші репродуктивті әдістер мен технологиялар қызметтерін еліміздің 8 қаласында 19 клиника ұсынады (оның үшеуі мемлекеттік, ал 16 жеке медициналық ұйым). Бағдарламаға ерлі-зайыптылар да, жеке адамдар да қатыса алады, бірақ ол үшін жазбаша келісім керек болады. Азамат квота ала алуы үшін оған "бедеулік" диагнозы қойылған болуы шарт. Өтініш берушілердің жасы 18-ден 42 жасқа дейін болуы тиіс, сондай-ақ Қазақстанда тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелу қажет.
Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, бағдарламаға қатысқысы келетін әйелдер мына талаптарға сай болуы керек:
- Ол 2 жылдан бері бедеу, ешқандай ем әсер етпейді;
- лапароскопия, сальпингоовариолиз және/немесе эндометриоздың еміне бір жылдан астам уақыт өткен;
- гормондық терапияның жасалғанына 6 ай өткен және бұған дейін күйеуінің немесе донордың сперматозоидтарымен ұрықтандыруың үш процедурасы жүргізілген;
- соңғы 12 айдағы консервативті емдеу әдістері сәтсіз аяқталған;
- лапароскопия секілді барлық заманауи зерттеу әдістерінің жүргізілгеніне бір жылдан астам уақыт өткен;
- ішкі жыныс мүшелерінде, гидро/сактосальпингтерде, жатыр қуысының синехиясында, эндометриоз, аналық без жылауығында ауытқулар жоқ;
- қалыпты соматикалық және эндокриндік күй;
- қанағаттанарлық аналық без қоры.
Сонымен қатар, тізімдегі фактор бойынша кем дегенде екеуінің болуы:
- Мюллерге қарсы гормон (АМГ) 1,0 нанограмм/миллилитрден асады;
- фолликулостимуляциялық гормоны (ФСГ) 12-ден аспауға тиіс (циклдің 2-5 күндері);
- антральдық фолликулдың жалпы саны 6-дан (циклдің 2-5 күндері) кем болмауы керек.
Ал ер адамдар мына талаптарға сай болуы керек:
- Бедеулік, жедел және/немесе консервативті емнің әсерінің болуы:
- олигозооспермия - сперматозоидтар концентрациясының 10 млн/мл-ден 15 млн/мл-ге дейін төмендеуі;
- астенозооспермия - 1 мл шәуетте 5-тен 32 пайызға дейін прогрессивті қозғалмалы;
- тератозооспермия - қалыпты құрылымдағы сперматозоидтардың 1-ден 4 пайызына дейін және т. б;
- патологиялық тәуелділіктің болмауы, яғни есірткі мен алкогольге тәуелділік.
Фото: elements.envato.com
Квота қандай жағдайда берілмеуі мүмкін?
- Аналық без қорының төмен болуы;
- жүктілікке қарсы көрсетілімдері бар соматикалық және психикалық аурулар;
- эмбрионды имплантациялауға және жүктілікке кедергі келтіретін туа біткен ақаулар, жатыр қуысының жүре пайда болған деформациясы;
- хирургиялық емдеуді қажет ететін аналық бездің қатерсіз ісіктері;
- эндометрияның гиперпластикалық процестері;
- хирургиялық емдеуді қажет ететін жатырдың қатерсіз ісіктері.
ЭКО квотасын алған адамға қандай қызмет тегін көрсетіледі?
Квота ЭКҰ-ның негізгі бағдарламасын қамтиды, яғни:
- асаовуляцияны ынталандыру;
- аналық жасушаны алу үшін аналық без фолликулаларын инемен тесу;
- күйеуінің (серіктесінің) арнайы дайындалған ұрығымен жұмыртқа жасушасын ұрықтандыру;
- эмбриондарды өсіру;
- эмбриондарды жатырішілік енгізу (тасымалдау).
Фото: elements.envato.com
Квота алуға қатысу үшін не істеу қажет?
Алдымен ерлі-зайыпты тұрғылықты жері бойынша кезекке тіркеліп, орталыққа, репродуктологтың кеңесіне жолдама алады. Репродуктологтың кеңесін алғаннан кейін қажет болған жағдайда ЭКҰ-орталық деңгейінде қажетті тексерулерден өтеді. Ешқандай қарсы көрсетілім болмаған жағдайда дәрігерлік-консультативтік комиссияның анықтамасын алу керек. Сосын ЭКҰ-орталықта комиссиядан өтіп, ЭКҰ рәсімін өткізуге келісім хаттамасын алынады. Квота алуға кезекке қою үшін МО-ға хаттама береді, яғни орталықтың келісімі. ЭКҰ квоталарды бөлу жөніндегі өңірлік комиссия отырысында үміткерлердің кандидатурасы қаралады. Квота беріледі.
Жылына неше рет тегін ЭКО жасатуға болады?
МӘМС бойынша ЭКО процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Талпынысыңыз сәтсіз болып жатса, қайтадан кезекке тұру қажет.
Квота шеңберінде ЭКО жасату үшін қандай клиниканы таңдауға болады?
Науқас медициналық сақтандыру қорының сайтындағы тізімнен клиниканы өз бетінше таңдай алады. Яғни:
Fms.kz сайты - "науқас үшін" - "клиниканы таңдау" - "ЭКҰ қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдардың тізбесі".
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә