Желіде Бибігүл Төлегенованың даусына ұқсайтын әйелдің видеосы тарады. Онда әйелдің отырыста әнін айтып жатқаны бейнеленген. Massaget.kz тілшісі кейіпкермен сұхбаттасты. Әйелдің музыкалық білімі жоқ, ал негізгі мамандығы - әскери қызметкер.
Әлеуметтік желіде "екінші Бибігүл Төлегенова" ретінде танылған Шынар Болатқызы 46 жаста. Оның 4 баласы бар. Негізгі мамандығы - әскери қызметкер. Ол шекара қызметінде жұмыс ісеген. Алайда денсаулығына байланысты зейнетке ерте шыққан. Оның мына видеосы TikTok желісінде көп қаралым жинап, кейіпкерді танымалды етті.
Шынар Болатқызы Қызылорда облысы Шиелі ауданында туып өскен, алайда зейнетке Маңғыстау облысында шығып, сол жерде тұрақтаған. "Бұрын әскери қызметте жүргенде сарбаздардың патриоттық рухын көтеру үшін әндер айтатынмын" деп еске алды кейіпкер.
"Шекара қызметін білесіз ғой, ел-жер ауыстырасың. Негізі әншілік менің хоббиім болатын. Ән айтпасам, денсаулығым сыр беретін. Сондықтан менен сұраса да, сұрамаса да ән айта беретінмін", - дейді ол.
Кейін кейіпкер бір видеосын TikTok желісінде бөліскен. Оның өнеріне тәнті болған тыңдарманы арнайы дастархан жайып, қонақ қылған.
"Шын ықыласпен шақырып жатыр ғой" деп қонаққа бардым. Сол жерде ән айттым, кейін әнім халық арасында тарап кетті ғой, өте қуаныштымын", - дейді Шынар Болатқызы.
Өнер иесі бұл дарын қалай келгенін жасырмады.
"Менің әке-шешем ән айтатын. Мен де бала кезден әнге әуес болдым. Мектепке барып келгенше ән айтатынмын. Бибігүл апамыздың бір әнін жаныма қатты тартатынмын. Бірде сол әнді тыңдап жатып ұйықтап қалыппын. Оянсам, сағат тоқтап қалғандай көрінді. Содан кейін сол кісінің әндерін орындайтын болдым. Мен өнердің емес, өмірдің мектебінен өттім. Музыкалық білімім жоқ. Барлығын құлақпен тыңдап, бойымыздан өткізіп үйрендік. Алланың берген қабілеті. Ескі әндерге құмартып жүрмін, қазір сол әндерді орындаймын", - дейді ол.
Шынар Болатқызының айтуынша, танымалдыққа ие болған сәттен бастап алдына жаңа мақсат қойған. Өнер иесі білімім жоқ болғандықтан, өнерін әлеуметтік желі арқылы танытпақ екен.
"Видео әлеуметтік желіде көп қаралым жинаған кезде қуанышты сезімде боласың ғой. Халықтың ілтипатын көргенде шабыттанып, қуандым. Керемет сезімде болдым. Көп қаралым жинағаннан кейін алға жоспар қоя бастадым. Көбі әлеуметтік желі арқылы өнерін көрсетіп жатыр ғой, маған да "неге олай отырмасқа" деген ой келді. Сахнаға шығу үшін білім керек, тойға барайын десең, оған да таныс керек. Әнімді қайда айтарымды білмедім, шыны керек. Сондықтан, ең болмаса, TikTok желісінде айтайын деген ой келді, - дейді Шынар Болатқызы.
Кейіпкердің айтуынша, ол "Әнші бақыты" деген әнді Cover Show бағдарламасында орындағысы келеді.
"Бибігүл апамыз туралы фильмдерін қарап отырып, бірнеше әні қатты ұнады. Бұрын-соңды көп естімеген әндер, ол кісі жас кезінде шырқаған екен. Солардың бірін қазір халықтың алдында айтып жүрмін. Адамдар сондай әндерді сағынып қалған екен. Бірнеше жерде ән айтқанымда адамдар құлақ түріп, ұйып тыңдағанда "шынымен мынадай әндер жетіспейді екен ғой" деген ой келді", - дейді ол.
Шынар Болатқызының айтуынша, бұл ән көп жерде жоқ. Ол әннің мәтінін, сол туралы ақпарат білу үшін арнайы Алматыға барып, 15-кітапханадан тапқан. "Әнші бақыты" - әйгілі композитор Еркеғали Рахмадиевтің әні.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз