Ақмола облысы Бурабай ауданында Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны жарық дүние есігін ашты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
20 миллионыншы сәби энергетик Айдар мен Динара Исеновтардың отбасын қуанышқа бөледі. Дәрігерлердің айтуынша, баланың анасының жүктілігі қалыпты жағдайда өткен. Қазір бала мен ананың жағдайды қанағаттанарлық.
Сәбидің ата-анасын Ақмола облысының әкімі арнайы құттықтап барды.
"Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты еліміздің жиырма миллионыншы тұрғыны дүниеге келуімен құттықтады! Осынау атаулы оқиғаға біз де қуаныштымыз. Еліміздің жиырма миллионыншы тұрғыны болып өмір есігін ашқан перзенттің Ақмола облысының ерекше бір көркем, көрікті, сұлу жері Бурабайда дүниеге келуі - біз үшін тіпті ерекше сый! Ол қай жерде туылса да, бұл - бүкіл Қазақстан халқының қуанышы. Мемлекет денсаулық сақтау мен білімге көп көңіл бөледі, біздің балаларымыз жақсы білім мен медициналық көмек ала отырып, қолайлы ортада өсуі керек. Бұл - Отанымыздың тұрақтылығы мен өркендеуінің жарқын айғағы", - деді Марат Ахметжанов.
Қос қуанышқа ие болған отбасының бұл - екінші сәбиі. Баланың әкесі сәбилерінің үлкен несібеге ие болуы өздері үшін күтпеген жаңалық екенін жеткізді.
"Біздің отбасымыз үшін бұл өте қуанышты күн! Бұл - біздің екінші баламыз. Баршаңызға бейбіт аспан тілеймін! Біз өз тарапымыздан балаларымыз бақытты отбасында және бейбіт мемлекетте өсуіне ықпал етеміз", - деді баланың әкесі Айдар Исенов.
Қазір ана сәбиімен "Авиценна - Бурабай" ЖШС ана мен бала бөлімшесінде.
Айта кетейік, халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны өмірге келгені хабарланды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев X-парақшасында жазды.
"Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді", - деп жазды Президент.
20 миллионыншы тұрғын атанған 5 балаға не беріледі?
Абзал Алпысбайұлы
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз