"Екінші анамдай". Лондондағы қазақ ІІ Елизаветаның өлімінен кейін елдегі ахуал туралы айтты

8 қыркүйекте ІІ Елизавета патшайым дүниеден өткен. Бүгінде Ұлыбританияда аза тұту күндері болып жатыр. Жеті жылдан бері Ұлыбританияда тұратын Ғалымжан Қараманұлы Massaget.kz тілшісіне ІІ Елизавета патшайым өмірден өткеннен кейін елдегі қазіргі жағдайды айтып берді.

Ғалымжан Қараманұлы "Хабар 24" телеарнасының Лондондағы тілшісі қызметін атқарады. Оның айтуынша, ол салтанатты іс-шараларда ІІ Елизаветаны көрген, бірақ әңгімелесіп, дидарласудың сәті түспепті.

"Көптеген адам Патшайым салтанатты рәсімдерге керек, елдің саясатына әсер етпейтін тұлға деп есептейді. Ал ІІ Елизавета қандай да бір заң жобасын қолдап не қарсы бола алды, әскерді басқарды, атақтар берді. Патшайымның негізгі қызметі өкілдік ету, Ұлыбританиядағы конституциялық монархия институтын сақтау және тақ сабақтастығының кепілі болу еді. Символизм мен мәртебе мәселесі де бар. Мысалы, мемлекеттік жер, корпорациялар және орталық банк Патшайымның иелігінде болып саналды. Патшайымның атынан сот үкімі шығарылады, ұлыбританиялық төлқұжаттар беріледі", - дейді ол. 

Ғалымжанның айтуынша, ІІ Елизавета Ұлыбританияда сайлау және төтенше жағдай режимін жариялауға, титулдар беруге немесе айыруға, монеталар шығаруға құқылы болған. Ол Англия шіркеуінің басшысы болды - архиепископтар мен епископтарды тағайындай алыпты.


Фото: Reuters

"ІІ Елизаветаға деген ұлыбританиялықтардың құрметі ерекше болды. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол әлі ханшайым еді, соған қарамастан қарапайым механик болып жұмыс істеген. Бұл деректің өзі тұрғындардың сүйіспеншілігін туғызады. Одан кейін әкесі ерте қайтыс болуына байланысты ол күтпеген жерден таққа отырды, еш шағымданған жоқ, тәждің ауыртпалығын өз мойнына алды. Әлі жас болса да, бәрін бірдей бақылау мүмкін болмаса да, міндетін үлкен абыроймен атқарып шықты", - дейді қазақстандық журналист. 

Оның сөзінше, ұлыбританиялықтардың бәрі бірдей патшайымды жақсы көрмеген. Бұл отбасы салық төлеушілердің есебінен өмір сүріп жатыр дейтіндер де бар екен. Соған қарамастан, бәрі дерлік оны құрметтейтін. Себебі ол Ұлыбританияда ондай үлгі тұтарлық монархтар көп болмағанын айтады.

"Патшайымның өмірден өтуін ағылшындар әртүрлі қабылдады. Бірақ басым көпшілігі қайғырды, әлі күнге дейін қайғырып жүр. Аза тұту күні он күнге жалғасып жатыр. Көңіл қосын білдірушілер Букингем сарайының маңында гүл шоқтарын қойып жатыр, суретін іліп, шырақтар жағып жатыр. Мұндай үрдіс Ұлыбританияда ғана емес, бұрын Біріккен Корольдіктің колониясы болған мемлекеттерде де жалғасып жатыр. Патшайым қайтыс болған соң бір ағылшын маған "аты аңызға айналған адамды жоғалтқанын, ол екінші анасындай болып кеткенін" айтқан", - дейді Ғалымжан Қараманұлы.


Фото: Reuters

Бірақ, журналистің айтуынша, ІІ Елизавета патшайымның дүниеден өтуіне көңіл бөлмей жүргендер де бар. Дегенмен, көпшілік әлі қайғырып жүр екен. Қазір Патшайымның денесі салынған табыт арнайы көлікпен бүкіл Ұлыбританияны айналып жүр. Жақында ғана Шотландиядағы Эдинборг қаласынан өткен.

"Онда адамдар тізіліп тұрып, ақтық сапарға шығарып салды. Он күндік аза тұтудан кейін 19 қыркүйекте Патшайымды жерлейді. Ол үлкен рәсім болады. Сценарийі, кім шақырылатыны, қайда отыратынына дейін белгіленген. Лондонда атмосфера бірқалыпты, өмір жалғаса береді. Телеарналар мен газет-журналдар Патшайым туралы материалдар шығарып жатыр. Олай болуы заңды, өйткені бұл тақырып қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. "Елді кім билейді, қалай басқарады?", "Патшайымның үш баласының ролі қандай болады?" деген секілді мақалалар шығып жатыр", - дейді ол.


Фото: Reuters

Сонымен қатар, Ғалымжан Қараманұлы ұлыбританиялықтардың жаңа патшаға деген көзқарасы туралы да аз-кем айтып өтті.

"Король өлді! Король жасасын!" деген ұғым бар ғой. Ұлыбританияның жаңа патшасын ІІІ Чарльз дейміз. Ол негізгі мұрагер болған соң халық жылы қабылдап жатқан сияқты. Бірақ, әрине, ертеректе Диана ханшайымның қазасынан кейін халықтың оған деген өкпесі қара қазандай болған. Одан бері ІІІ Чарльз неше түрлі қайырымдылық жасап, халықты өзіне қарата білді", - деді ол. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!