Ақтөбе облысында тікұшақ құлаған жерге қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша министрдің орынбасары – әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов басқаратын арнайы комиссия келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұшақ апатының алдын ала себебі техникалық ақау деп қарастырылып жатыр.
"Түпкілікті қорытынды тергеу жүргізілгеннен кейін жасалады. Зардап шеккен экипаж мүшелері қажет медициналық көмекпен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген және мамандардың бақылауында", - деп жазылған хабарламада.
Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшінің туыстарына материалдық төлем, барлық қажет қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, Ми-8 тікұшақтары еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Әуе қорғанысы күштерінің қолданысында. Техниканың бұл түрі 50-ден аса елде қолданылады және өзінің көп функционалдығы, сенімділігінің арқасында әлемдегі ең көп сұранысқа ие тікұшақтардың бірі.
"Бұл тікұшаққа соңғы күрделі жөндеу 2023 жылы Алматы қаласының 405 авиациялық-жөндеу зауыты базасында жасалды. Барлық регламенттік жұмыс, оның ішінде ұшу алдындағы дайындық нормативтерге сәйкес орындалды.
Тікұшақ экипажының да айтарлықтай тәжірибесі бар, күндіз де, түнде де қиын метеорологиялық жағдайларда, оның ішінде төтенше жағдайларға тап болған кезде де тапсырмаларды орындау үшін кәсіби түрде дайындалған", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, 9 қарашада сағат 11:40-та 112 нөміріне Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Сарыжар ауылының аумағында тікұшақ қатты қарқынмен қонғаны туралы хабарлама түскен.
"Оқиға орнына келген ТЖМ құтқарушылары өртті ауыздықтады. МИ - 8 тікұшағының бортында 3 адам болған. Олардың біреуі қайтыс болды. Зардап шеккен екі адам Ақтөбе қаласына ҚР ҚМ ЯК-40 ВОСВОД ұшағымен жеткізілді", - деп жазылған ТЖМ хабарламасында.
Кейін Қорғаныс министрлігі құлаған тікұшаққа қатысты мәлімдеме жасап, апат себебін атады.
"Авиациялық оқиғаның алдын ала себебі - техникалық ақаулық. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Жергілікті жерде ведомствоаралық жедел топ жұмыс істеп жатыр", - деп жазылған Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің жағдайы тұрақты ауыр. Науқастар есін біледі, сұрақтарға жауап бере алады.
"Ауылда тікұшақ құлағаны туралы хабарлама 103-ке сағат 11:36-да түсті. Оқиға орнында екі науқасқа Мәртөк аудандық ауруханасының жедел жәрдем бригадасы көмек көрсетті. Бір жәбірленуші 103 келгенге дейін қаза тапты", - деп жазылған Денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!