Жылу қызметкерлері екібастұздықтардың электр энергиясы үшін өтемақы ретінде 240 миллион теңге төлейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Брифингте "ОАЭК" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Оралдың айтуынша, қаражат азаматтардың жеке шотына аударылады. Қазір жылумен қамту мекемесі мен электр энергетикасы саласы арасында тиіс келісімге қол қойылды.
"Екібастұздың барлық жеке тұлғасының ай сайынғы тұтыну шығынын көрдік. Тұтынушылардың 48 172 жеке шоты бар. Қалыпты режимде олар шамамен 220 миллион теңге сомаға электр энергиясын тұтынады. Қолда бар тұтыну нормаларын негізге ала отырып, біз "Екібастұзэнерго" ЖШС-на 240 миллион теңге аудардық, олар тұтынушылардың барлық дербес шоты бойынша бөлінеді", - деді Бағдат Орал.
Сондай-ақ ол қалада жылу жүйесіндегі апаттан зардап шеккен пәтерлерді жөндеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
"Бүгінде біз өмір сүруге жағдай жасау үшін ең көп зардап шеккен 52 пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тұрғын үйдің жартысынан аса жөнделді. Бірлескен комиссия ұсынған тізімнен ақауы бар пәтерлерді тез арада жинап жатырмыз. Жөндеу бригадалары қажет материалдармен қамтамасыз етілген", - деді ол.
Екібастұз әкімдігінің мәліметінше, барлығы 424 пәтер жөндеуді қажет етеді, оның ішінде 338 пәтерге орташа жөндеу қажет.
Сондай-ақ, жылу желілеріндегі апат салдарынан жарамсыз болып қалғаны расталған жағдайда, жылумен жұмыс істейтіндер тұрмыстық техника мен бүлінген жиһаздың шығынын өтеуге уәде беріп отыр.
"Әрине, біз әкімдікпен комиссиялық негізде бүлінген құрал-жабдықтар мен жиһаздарға өтемақы төлеу мәселесін талқылап жатырмыз. Біз жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан пәтерлерде құбырлар жарылған апатты жағдай кезінде бүлінген жиһаздар мен терезелерді ішінара өтеп жатырмыз. Басқа пәтерлерге қатысты тұрғындардан барлық түбіртекті сақтауды сұраймыз. Егер олар бірнәрсені, сонымен қатар, бүлінген құрал-жабдықтарды өздері ауыстырып қойған болса, біз барлық түскен өтінішті комиссиялық негізде қараймыз. Бұл шын мәнінде ТЖ, үйдегі құбырлардың жарылуы, жылыту жүйесінің бұзылуы себептері бойынша расталса, әрине, өтейміз", - деді "ОАЭК" АҚ басқарма төрағасы.
Қаланы жылумен қамту мәселесіне келсек, Екібастұз әкімі Аян Бейсекиннің мәліметіне сүйенсек, қазір барлық көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтылған. Дегенмен, бірқатар көпқабатты үйде жылумен қамту мәселесі әлі де бар.
"30-ға жуық үй, қалай болғанда да, әлі де төмен параметрлерде тұр, біз олар бойынша жеке жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бірақ басты себеп, станцияның өзінде, өкінішке қарай, күн сайын кейбір қазандық қондырғыларында ақау шығып жатыр. Бірнәрсе істен шықса, екіншісі қосылып жатыр, сөйтіп бірізді етіп жатырмыз, яғни біздің алдымызда станцияның жұмысын толық тұрақтандыру міндеті тұр. Қазір ол төрт қазандықта жұмыс істейді. Келесі үш сағаттан кейін тағы екі қазандықты іске қосамыз, күн аяғына дейін параметрлер сәйкес келуі керек", - деді Бейсекин.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!