- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Екібастұздағы бала өлімінен...
Екібастұздағы бала өлімінен кейін бірқатар лауазымды тұлға қызметінен кетті
Екібастұздағы бала өлімінен кейін бірқатар лауазымды тұлға жұмысынан айырылды. Олардың ішінде Шідерті кенті мен Қоянды ауылдық округінің әкімі де бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Екібастұз әкімі Аян Бейсекиннің мәлімдеуінше, балаларға қатысты кез келген трагедияның артында оның алдын алу үшін уақтылы шара қабылдамаған ересектер тұрады. Бесқауға ауылы мен Шідерті кентінде болған жағдай - солардың бір көрінісі.
"Кеңес өткізіп, онда әрбір жауапты тараптың жұмысын егжей-тегжейлі қарадым. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Қоянды ауылдық округінің әкімі, Екібастұздың әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Сонымен қатар менің шешіміммен Шідерті кентінің әкімі де қызметінен кетті", - деп жазды қала басшысы.
Аян Бейсекин қызметтік тексеру жүргізілгеннен кейін полиция департаменті Екібастұз полициясының лауазымды тұлғаларына қатысты шаралар қабылдайтынын айтты.
"Бұдан бөлек, Шідерті кентінің медициналық қызметкерлері, №3 емхананың бас дәрігері, Бесқауға ауылының учаскелік инспекторы, білім бөлімінің басшысы, әлеуметтік салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары қатаң сөгіс алды. Облыс әкімінің маған қатысты тәртіптік жаза туралы шешімімен толық келісемін. Жұмысты қайта құрып, тиісті қорытындылар жасайтын боламыз. Осы аптада қайта жиналыс өткіземіз", - деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Еске салайық, өз анасының қолынан қаза тапқан жеті жастағы Милана Давыдованың өлімінен кейін Екібастұз әкімі Аян Бейсекиннің өзі облыс әкімінен сөгіс алған еді. Өңір әкімі тағы бірнеше шенеунікті дереу жазалады.
17 қарашада Павлодар облысының Бесқауға ауылында жеті жасар Милана Давыдова жоғалып кетті. Анасының айтуынша, ол қызын іздестіріп таба алмаған соң, полицияға хабарласқан.
Миланы 500-ден аса адам: еріктілер, кинологтар іздестірді. Жүзден аса техника, сондай-ақ "Қазәуеқұтқару" тікұшағы жұмылдырылды.
Жеті жастағы қызды іздеуге Павлодар облысына басқа қалалардан да еріктілер барған.
Милана Давыдованың мәйіті 19 қарашада табылды. Жедел іздестіру және тергеу шаралары барысында кәмелетке толмаған қыздың жоғалуының мән-жайы мен себептері анықталды. Күдікті ретінде қыздың анасы мен оның танысы ұсталды.
Бүгін Милана Давыдовамен соңғы сапарға шығарып салуға жүздеген адам жиналды. Жерлеуге қыздың әкесі, жақын туыстары, еріктілер, жергілікті әкімдік өкілдері және Екібастұз тұрғындары қатысты.
Еріктілер жерлеу рәсімінде әйелдің әрекетіне қатысты адам шошырлық жайттарды айтты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан