Екібастұздағы адамшошырлық жағдай: желіде видео тарады

Екібастұздағы адамшошырлық жағдай: желіде видео тарады
Фото: Видео кадры

Екібастұздағы көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісінде болған аса қатыгез шабуыл бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Желіде үрейлі кадрлар тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бейнежазбада қансырап жатқан әйел баспалдақпен төмен түсіп келе жатқаны, бірнеше қадам жасағаннан кейін кіреберістің еденіне құлап қалғаны көрінеді. Сол сәтте артынан тағы бір әйел жетіп келіп, оны бетіне бірнеше рет қатты шапалақ береді. Артынша пышақпен аяғына соққы жасайды. Жәбірленуші қимылсыз жатқанын көрген соң, күдікті әйел оның басынан ұстап алып, бірнеше мәрте бетон еденге ұрып, кейін ештеңе болмағандай қайтадан жоғары көтеріліп кетеді.

Павлодар облысы Полиция департаментінің мәліметінше, Екібастұздағы пәтерлердің бірінде болған оқиға туралы хабарлама 9 қаңтарда түскен.

"Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалдасқан бірінші адам мас күйде екінші адамды пышақтаған, салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір әйел медициналық мекемеге жеткізілді", – деп түсіндірді полиция өкілдері.

Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу деректері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деп қосты ведомство.

Полиция тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайтынын айтты. Ал пікірлерде желі қолданушылары жарақат алған әйелдің жансақтау бөлімінде жатқанын жазған. Дәрігерлер әзірге аман қалған әйелдің жағдайына қатысты ресми ақпарат берген жоқ.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget