Екібастұзда тұрғындарды алаңдатқан қара түтін қайдан шыққаны анықталды

Екібастұзда тұрғындарды алаңдатқан қара түтін қайдан шыққаны анықталды

Екібастұздағы жылу электр орталығынан шығып жатқан қара түтін қайдан пайда болғаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

29 наурызда кеншілер қаласының халқы жылу станциясынан шығып жатқан қою қара түтінді көріп, әлеуметтік желіде дабыл қақты. Будақтаған қара түнін салдарынан желдің ық жағында орналасқан үйлерді және далада тұрған көліктерді күйе басты. Жұрт "жылу орталығы өртеніп жатыр ма?" деп қауіптенген.

Кейін осы жағдайға байланысты "Павлодарэнерго" АҚ өкілі пікір білдірді. 

"Қазір станцияда №9, №12, №15 үш қазандық агрегаты жұмыс істейді. Мамандар станция жабдықтарын жөндеуге дайындық жүргізіп жатыр. Бүгінде жылу орталығында бір қазандықты жөндеуге шығару үшін агрегаттың бункерлерінде қалған көмір қалдығын жағып жатыр. Сондықтан қала тұрғындары станциядан шығып жатқан қара түтінді көріп отыр. Бұл - қазандықтарды жөндеу кезінде тұтануды болдырмау үшін жасалатын міндетті рәсім екенін атап өткіміз келеді", - делінген компания хабарламасында.

Айта кетейік, биыл жазда Екібастұз жылу станциясындағы 8 қазандыққа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның бесеуі - су жылыту агрегаты, қалғандары - энергетикалық қазандықтар.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова