Екібастұзда той күні кортеж жасағандар жауапқа тартылды

Екібастұзда жол қозғалысы ережелерін бұзған кортеж жүргізушілері жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бейнебақылау камералары арқылы жол қозғалысын қадағалау кезінде тасжолда жол ережесі бұзылғаны анықталды. Полицейлер колоннамен келе жатқан бірнеше көлікті байқап, бірден шара қабылдаған.

"Кортеж үйлену тойға арналған. Алайда бұл жол қозғалысының басқа қатысушыларына кедергі келтіріп, тіпті жол апатына себеп болуы мүмкін еді. Көліктер колоннамен қозғалып, қозғалысты тежеп, жолдағы қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзған. Тексеріс нәтижесінде полиция қызметкерлері ӘҚБтК-нің бірнеше бабы бойынша 15 әкімшілік хаттама толтырды", - деп жазылған хабарламада.

Ережебұзушылықтар қатарында:

  • маневр жасау тәртібін сақтамау;
  • жолаушыларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптары бұзылуы;
  • қарсы жолаққа шығу;
  • қауіпсіздік белдігін тақпау;
  • қайта жолақ ауыстырғанда бұрылыс шамын қоспау;
  • сақтандыру полисі болмауы тіркелген.

"Mercedes-Benz, Lexus 570 (brr 14), Toyota Prado және Toyota Camry көліктерінің жүргізушілері жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, әрбір жүргізушімен жол ережесін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - деп жазылған хабарламада.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз