Павлодар облысы Екібастұз қаласында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған "Екібастұздың 50 жылдығы" көшесіндегі магистральды кәріз коллекторында құбырдың жарылуы себеп болды. Әбден тозығы жеткен құбырдың іші толып, өткізу қабілеті төмендеген. Салдарынан құбырдың жоғарғы бөлігі опырылып кетті.
"2023 жылғы шілде айынан бері құбырдың беткі қабатында төрт рет топырақ опырылып, одан әрі жылжып жатыр және опырылған аумақ ұлғайып барады. Осыған байланысты Екібастұздағы магистральды кәріз коллекторында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Бұл қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді", - деп хабарлады Екібастұз әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда "Горводоканал" МКК траншеясыз тәсілмен (санация әдісі) кәріз коллекторын қайта жаңарту жобасы әзірленді. Оның құны – 5,2 миллиард теңге. Коллектордың ұзындығы – 2,26 шақырым, құбырдың диаметрі – 1200 мм. Санация әдісі жұмыстарды траншеясыз тәсілмен жүргізуді көздейді. Жұмыстың бұл түрі қала тұрғындары үшін қолайсыздықты барынша азайтып, коллектордың үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Е.Базарқұл
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз