Екібастұз қаласында құбыр желісін жөндеп жатқан ТМ-2 учаскесінде ірі апат болды. Желіде оқиға орнынан видеолар тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаңартылып жатқан аумақта тығын атылып кеткен. Салдарынан құбырдан су атқылап, шұңқыр бойымен су кеткен.
Қалалық әкімдік мәліметінше, 18 мамырда таңғы сағат 06:30-да М.Жүсіп көшесі бойынша қайта жаңартылып жатқан учаскеде диаметрі 820 миллиметр тығыннан ақау шыққан.
"Қазір учаске судан ажыратылды. Апатты жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. "Екібастұзэнерго" ЖШС-ның мердігер ұйымының мамандары жұмысқа тартылды. Қалпына келтіру мерзімі күндізгі сағат 14:00-ге жоспарланған", - деді Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз қызметі өкілі.
Айта кетейік, қазір Екібастұзда жылу желілері мен құбырларды жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, былтыр қарашаның соңында Екібастұз қаласының жылу желілерінде апат болып, төтенше жағдай жарияланды. Салдарынан қаланың бірнеше шағынауданы жылусыз қалды. Қалған бөлігінде де жылу мардымды болмай, тұрғындар қыстай тоңып шыққан еді.
Е.Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!