Екібастұзда мүмкіндігі шектеулі ер адам пәтерімен бірге өртеніп кеткен

Екібастұзда 51 жастағы ер адам 5 қабатты үйдегі өрт кезінде қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құтқарушылар оның денесін екі бөлмелі пәтердегі өрт сөндіру жұмыстары кезінде тапты. Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі мәліметінше, бесінші қабаттағы пәтердегі өрт туралы хабарлама 21 тамызда түскен.

"Залда жиһаз, үйдегі заттар, балкон жанып жатты. Өртті сөндіру кезінде 1972 жылы туған ер адамның денесі табылды. Өртсөндірушілер көрші пәтерден құтқару құрылғысы көмегімен екі адамды құтқарды, тағы екі тұрғын эвакуацияланды", - делінген ведомство хабарламасында.

Оқиғадан кейін жарты сағат өткен соң өрт ауыздықталды. Оның ауданы 30 шаршы метрге жеткен. Ведомствоның баспасөз қызметі мәліметінше, екі бөлмелі пәтер толық өртеніп кетті. Алдын ала мәліметтер бойынша өрт төсекте темекі шегу салдарынан шыққан. Нақты себептері анықталып жатыр.

Аймақтың ТЖД баспасөз қызметі мәліметінше, қаза тапқан ер адам - екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан болған. Ол таяқ немесе мүгедектер арбасы көмегімен қозғалған.

ТЖД

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!