Тұрғындары осы қыста қалтырап шыққан Екібастұзда жылу желілерін жөндеу жұмыстары басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кеншілер қаласында жылу желілері жөнделіп қана қоймай, кейбір тұстары толық жаңартылады. Мәселен, төрт жылу магистралінде құбырлар толық ауыстырылады. Мердігерлер барлық учаскеде жұмысқа кірісіп кетті. Аула ішілік желілердің зақымдалған учаскелерін де жөндеу жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда анықталған 269 ақаудың 84-і жойылды. Жұмыстар кесте бойынша жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Екібастұз жылу энерго орталығында да кешенді жөндеуге дайындықтар жүріп жатыр. Қазір станцияда күрделі жөндеуден өтетін қазандықтар тазаланып жатыр.
"10 мамырға дейін 3 су жылыту қазандығын тазалау аяқталды. Енді оларды бөлшектеу жұмыстары басталады. Жылу беру маусымы басталғанға дейін барлығы 8 қазандық агрегаты жөнделеді. Күрделі жөндеу кезінде негізгі қыздыру жабдықтарын, түтін сорғыш құрылғылар және басқа да элементтер ауыстырылады. Мерекелердің алдында өңір басшысы Асайын Байханов Екібастұз қаласындағы жылу желілері мен ЖЭО жөндеу науқанының барысын тексерді", - деді Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі.
Облыс әкімі станцияда барлық қажет жұмыстарды уақтылы, бірақ сапалы жүргізу аса маңызды екенін айтты.
Айта кетейік, былтыр қарашаның соңында Екібастұз қаласының жылу желілерінда апат болып, төтенше жағдай жарияланды. Салдарынан, қаланың бірнеше шағынауданы жылусыз қалды. Қалған бөлігінде де жылу мардымды болмай, тұрғындар қыстай тоңып шықты.
Е.Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!