Павлодар облысында жоғалған кәмелетке толмаған бала дронның көмегімен табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі өңірдің полиция департаментіне сілтеме жасап.
22 қарашада таңертең Екібастұз қаласының полициясына 9-сынып оқушысы Тамерлан жоғалғанын айтып, туыстары жүгінген.
Кәмелетке толмаған бала сағат 03:00 шамасында үйден шығып кетіп, оралмаған. Полиция тез арада бағдар құрып, облыстың барлық аумақтық бөлімшесіне және жақын маңдағы өңірлерге хабар берді. Жасөспірім дереу іздестіріле бастады. Қаланың жертөле, шатырлары, қараусыз қалған ғимараттары, құдықтар, саяжай алабы тексерілді.
Іздеуге 300-ге жуық азамат тартылды: полиция және ТЖ қызметкерлері, сондай-ақ екі ит, еріктілер, тікұшақ және ұшқышсыз ұшатын аппарат пайдаланылды.
"Сағат 13.00 шамасында ұшу аппаратының түсірілімдерінің арқасында кәмелетке толмаған бала саяжай аумағында байқалды", - деп жазылған Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі хабарламасында.
Қазір Тамерлан туыстарымен бірге.
Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысында жоғалған малшы табылғаны хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!