Екібастұзда жергілікті жылу электр орталығындағы апат дерегі бойынша қылмыстық сот отырысы басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Екібастұзтеплоэнерго" ЖШС бұрынғы бас директоры Павел Мельничуктен бөлек, "ЕЖЭО" ЖШС бөлімшесінің экс-басшылары Виктор Вебермен "ЭЖС" ЖШС-нің бұрынғы басшылары Евгений Горватқа қатысты сот процесі жүріп жатыр. Сотталушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы "Міндеттеріне сенімсіздік таныту" бойынша айыпталып жатыр.
Соттың мәліметінше, Екібастұз ЖЭО жұмысындағы ақаулар мен технологиялық бұзылулар бұрын да тіркелген. Зауыт басшылығы биыл қыс мезгіліне дайындық барысында жабдықты техникалық сараптаумен шектелген. Айыптау қорытындысы бойынша жылу орталығындағы күрделі жөндеу жұмыстары 10 жылдан аса уақыт бойы жүргізілмеген.
"Екібастұзтеплоэнерго" ЖШС бас директоры Павел Мельничук станцианың негізгі және қосалқы жабдықтарының 2022-2023 жылдардағы күзгі-қысқы маусымға дайын емес екенін біле тұра, оның салдары үлкен апаттарға әкелуі мүмкін екенін білгенімен жұмысқа жарамды деген актілерге қол қойған", - деді сотта судья.
Жылу электр орталығындағы апат салдарынан 149 көпқабатты және 114 жеке тұрғын үй, сондай-ақ, 15 әлеуметтік нысан жылусыз және ыстық сусыз қалған еді.
Айта кетейік, сот процесі екі залда өтіп жатыр, себебі 59 жәбірленуші бір сот залына сыймаған. Шағымданғандар - былтыр қыста жылусыз қалған қала тұрғындары. Былтыр Екібастұздың тұрғындарының пәтерлерін жылусыз қалдырған компания 70 мыңнан 7 миллион теңгеге дейін шығын келтірген.
Құрылыс-техникалық және энергетикалық-технологиялық сараптамалардың, сондай-ақ, металдар мен қорытпаларды зерттеудің нәтижелері бойынша, құбырлар магистралінің толықтай ескіргені, қазандық және су жылыту цехтарының бас корпусы конструкциясының авариялық жай-күйі, басшылық пен жедел қызметкерлердің дұрыс жұмыс істемегені анықталды. Соның салдарынан үлкен апат болды.
Еске салайық, Екібастұз жылу электр орталығындағы апат былтыр 27 қарашасына қараған түні болған. Бірнеше қазандық қондырғыларының апатты түрде тоқтауы салдарынан 30 градустық аязда қаланың бір бөлігі жылусыз және ыстық сусыз қалды. Кейін Екібастұзда төтенше жағдай жарияланды. Білім беру нысандары қашықтықтан оқыту форматына көшті, балабақшалардың жұмысы тоқтатылды. Қыс бойы қала тұрғындары пәтерлерінің суықтығына шағымданды. Кейбір көпқабатты үйлерде қатқан су еріген кезде жылу құбырлары жарылып кеткен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!