Екібастұзда ер адам гаражда газдан уланды

Екібастұз тұрғыны ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. Себебі тұрғын газдан уланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі @Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 қарашада сағат 06.50-де жекеменшік гаражда 1984 жылы туған азамат автокөлігін жылыту барысында газдан уланған. 

"Адам көміртегі оксидімен уланғанын байқамай қалады. Өзіңізді нашар сезінгенге дейін газдың шығып тұрғанын біле алмайсыз, ал улану үшін оның аз мөлшері ғана жеткілікті", - дейді департамент өкілдері.  

Күнделікті өмірде әдетте көміртегі тотығымен екі жағдайда уланады: біріншісі - ақаулы пештерді пайдалану кезінде немесе пеш қақпақтары мен үрлегіштері жабылу күйінде болғанда. Мұндай жағдай көбінесе түнде, адамдар ұйқыда болғанда орын алады. Екіншісі - автокөлік әуесқойлары қыста гараж есіктерін жауып, көлік қозғалтқыштары қосулы қалғанда болады. 

ТЖД көміртегі тотығымен улануды болдырмау үшін қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау жөнінде еске салады. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында көмірқышқыл газымен улану диагнозымен жансақтау бөліміне жатқызылған тұрғынның сол аяқ сүйектерінің жабық сынығы анықталғанын хабарлады. Бүгінгі күні жағдайы оңалғаны байқалады. Одан әрі емдеу үшін жалпы терапия бөліміне ауыстырылды. Жағдайы орташа деп бағаланады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!