Екібастұзда ата-анасының ішімдік ішкенінен шаршаған бала әжесіне кетіп қалған

Екібастұзда ата-анасының ішімдік ішкенінен шаршаған бала әжесіне кетіп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындардың бірі көршілері жиі ішетінін, ал бала қараусыз қалатынын айтып, қоңырау шалған. 

"Тексеру кезінде баланың ата-анасы мас болған. Он жасар ұлы "Ата-анаң қайда?" деген полицияның сұрағына жауап бере алмады. Кейінірек қызметкерлер баланың ата-анасының мастығынан шаршағанын, әжесімен бірге тұруға кеткенін анықтады", - деді департаментте. 

Ерлі-зайыпты полицияға және наркологиялық диспансерге есепке қойылды. Ұлын дұрыс тәрбиелемегені, алкогольдік ішімдіктерді асыра пайдаланғаны үшін екеуі де жауапқа тартылады. Ата-ананың әрқайсысына 7 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. 

Ата-аналардың мінез-құлқы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралып, заңды өкілдерге сынақ мерзімі берілді. Олар бір ай ішінде жағдайды түзетіп, алкогольдік ішімдіктерді ішпеуі және ұлын дұрыс тәрбиелеу керек. Комиссиядан кейін бала отбасына қайтарылды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!