Екібастұзда ағайынды екі адам ұсталды: олар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Екібастұзда синтетикалық есірткі өндіретін зертхана жойылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ағайынды ұсталды

Жедел тергеу іс-шаралары нәтижесінде Павлодар облысы Екібастұз қаласында синтетикалық есірткі өндіретін зертхана әшкере болған. Жергілікті тұрғындар, яғни ағайынды екі адам ұсталған.

Олар не үшін айыпталып отыр?

Олар тұрғын үйдің ауласында тыйым салынған заттарды синтездеуге жабдықталған гаражда синтетиканы ірі көлемде өндіру схемасын жолға қойған.

Тінту барысында 10 келіден аса альфа-PVP психотроп заты, 860 литр химиялық сұйықтық, соның ішінде 300 литрлік реактор сыйымдылық, зертхана ыдыстары, таразылар және жеке қорғаныс құралдары тәркіленген.

Полиция не дейді?

Күдіктілердің әрекетін Signal мессенджеріндегі куратор үйлестіріп отырғаны анықталған. Ол есірткі өндірудің бүкіл циклін бақылап, оларға прекурсор салынған жасырын орындарды қалдырып отырған.

"Есірткі өндірісін ұйымдастыру дерегі бойынша (Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы)  соталды тергеп-тексеру басталды. Енді ұйымдастырушыларға өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі қатаң жаза тағайындалуы мүмкін. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді ІІМ өкілдері.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз