Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жылу электр орталығындағы апаттан зардап шеккен екібастұздықтардың шығыны қалай өтелетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала әкімі өз қаражаты есебінен үйлерінде жұмыс жүргізген тұрғындардан атқарылған жұмыстарға төлем жасалғаны туралы фискалдық түбіртекті сақтауды сұрады.
"Қалада 12 жылу пункті бар, оның жетеуі өтініш қабылдайды. Өтініш еркін формада жазылып, нақты жағдайлар мен келтірілген залал үшін қажетті өтемақы сомасы көрсетілуі тиіс.
Егер жөндеу жұмысын өз беттеріңізбен жүргізген болсаңыздар, онда барлық қажет фискалдық түбіртек ұсынылуы керек. Артынша арнайы комиссия тексеру жүргізіп, үш күннің ішінде шығын өтеледі", - деді Екібастұз қаласының әкімі.
Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Олег Круг шығынды есептеу әлі басталмағанын айтты.
"Қазір біз апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жұмысты аяқтағаннан кейін комиссия жұмысын бастайды. Қазірдің өзінде екі мыңнан астам өтініш келіп түсті", - деп түсіндірді ол.
Екібастұз әкімі барлық жөндеу жұмысы аяқталған соң қаладағы төтенше жағдай алынып тасталатынын айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!