Ақтөбеде бау-бақша ұжымында тұратын тұрғындар екі күннен бері жарықсыз, жылусыз отырғанын айтып шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтөбеде кейінгі екі күнде қарлы боран соғып, тұрғындар әбігерге түсті. Ақсұңқар бау-бақша ұжымының тұрғындары екі күннен бері жарықсыз отыр. Олар жанайқайын айтып тасжол бойына жиналды. Олардың сөзінше, 6 қаңтарда жарық өшіп қалған. Содан бері халық электр жарығынсыз отыр.
"Екі күн болды жарық жоқ. Жарық болмағаннан кейін жылу да, су да болмайды. Балаларымыз тоңып, ауырып жатыр. Үйде қарт адамдар бар. Біреулердің жылу құбырлары қатып, жарылып жатыр. Қанша рет осы мәселені айттық. Ешқандай нәтиже жоқ", - деді Мақпал есімді тұрғын.
Тұрғындар бұл мәселені бұған дейін де бірнеше рет көтерген екен. Олардың айтуынша, жарық жиі өшеді. Ал қақаған қыс ортасында жарық өшсе, жылу болмайды. Қазір "қалтырап отырсақ та үйлерімізден кете алмаймыз, баратын жеріміз жоқ", - дейді тұрғындар.
Бұл мәселе бойынша қалалық әкімдік өкілдеріне хабарластық. Әкімдіктің баспасөз қызметі мәліметінше, бұл жердегі бау-бақша ұжымдарының трансформаторлық қосалқы станциясы және ток жеткізетін негізгі линия жаңартылған.
"Бұл - үлкен жұмыс. Бұрын электр желісі қаладан бір желі арқылы берілетін және ол жиі үзіліп қалатын еді. Сол желіні екіге бөліп, жаңадан екі линия тартылып, қыруар жұмыс жүргізілді. Саяжайдың төрағасына және тұрғындарға әрі қарай саяжай ішіндегі үйлеріне тартатын сымдарын (ішкі линияларын - еск.) өздері жасап алу керек екенін түсіндірдік. "Немесе қаланың балансына беріңіздер, сол кезде оны күтіп ұстауға қаражат бөлінеді және қалалық энергожүйе мекемесінің қарауында болады" деп ұсыныс та айтылды. Бірақ бау-бақша төрағалары өздері күтіп-ұстауға келісіп отырғандарын айтқан болатын. Бұл жағдайда ішкі желілерді саяжай төрағасы жасауы керек. Себебі ол халықтан ақша жинап отыр. Оны сол жерде қаражат төлеп отырған тұрғындар түсінбей отыр. Тағы да барып түсіндіреміз, саяжайдың ішкі линиясын жаңартып жасап алуға өздері міндетті", - деп жазылған әкімдік хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласы аумағында ауа райына байланысты төтенше жағдайлар тіркеліп жатқаны хабарланды.
Кәмшат Қопаева
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!