- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Екі көлік су...
"Екі көлік су астына кеткен". Халық қалаға апатты көпірмен қатынап жүр
Қарағанды облысы Ғабиден Мұстафин ауылы қалаға мұз үстімен қатынап жүр. Енді қар еріп, көктем келгелі таяқ тастам жерде тұрған қалаға 40 шақырым айналып барулары керек. Жаяу жүргіншілер өткелі бар, бірақ апатты жағдайда. Ал, көлік жүретін көпір құрылысы созылуда, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл ауылдың 2015 жылдан бері бар тілегі осы. Себебі, сол жылы ауылды су басып, жаяу жүргіншілер өткелін шайып кеткен. Тұрғындар 2-3 шақырым жерде тұрған Теміртау қаласына осы апатты өткелмен өтіп, ары қарай қоғамдық көлікпен қатынайды. Ең сорақысы қыстың күні көлігі барлар мұз үстімен жүруге мәжбүр.
"Көпір бізде болса, Теміртаумен қарым-қатынас жақсы болады. Ал, былай Ақтаудан айналса, көп уақыт кетеді. Ең қауіптісі мұзбен жүреді, қаншама көлік су астына кетті", - дейді, Ғ.Мұстафин ауылының тұрғыны Нұрлан Жабаев.
Былтырдың өзінде 2 көлік су астына кетті. Бұл масқараның алдын алу мақсатында 2022 жылы жаңа көпір салу жұмыстары басталған. Биыл аяқталуы тиіс. Алайда тұрғындар 2 жылда көпірдің 2 тірегінен басқа ештеңе салынбағанын айтты. Ал, аудан әкімдігі жыл соңына дейін көліктерге қатынауға рұқсат берілетінін айтуда.
"Көпірде биыл желтоқсан кезінде жолды ашады. Ары қарай жұмыстары бар. Өйткені асфальт салу керек. Ақтау кенті арқылы айналыс жол шамамен 35-40 шақырым. Көбісі олай жүре қоймайды, көлігі барлар қатынап жатады", - дейді Бұқар Жырау ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Есентаев.
Аталмыш жобаға автомобиль жолдары және жол инфрақұрылымын дамыту бөлімі жауапты. 3 жылға 1,9 миллиард теңге бөлінген.
"Бұл көпір қазіргі көпірден 30 метрге ұзын болады. 2 метрге биік болады. Ол судың көп көлемін өткізуге мүмкіндік береді. 7 тіректен тұрады. Асфальт төселеді. Жарықтандыру бар", - деді автомобиль жолдары және жол инфрақұрылымын дамыту бөлімінің бас маманы Арғынғазы Қуанышев.
Қомақты қаржының биыл 500 миллионы игерілді. Бірақ жұмыс келесі жылы толық аяқталмақ. Даулы мәселеге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев та пікір білдіріп, биыл іске қосуды тапсырған. Әкім тапсырмасы орындала ма, жоқ па, жыл соңында белгілі болмақ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы