Бүгінде баспана алу көптеген адамның көкейінде жүрген проблема деуге болады. Менің де діттегенім осы еді. Өзімді Айым деп таныстырайын. Айта кетейін, аты жөнім өзгертілген. Мен Алматыда жастарға қалай баспана ала алатынын әңгімелеп беремін.
Алматыға алғаш студент болып келген кезімнен осы қаладан үйім болса деп ойлайтынмын. Осылайша түрлі бағдарламаларды қарастыра бастадым. Бірақ мен үшін ол кезде ешқандай бағдарлама сәйкес келмейтін немесе үйдің 100 пайыз ақшасы қолымда болуы керек еді.
Төрт жыл журналистика мамандығында білім алдым. Артынша бірден мамандығым бойынша жұмысқа орналасып кеттім. Бір жылдан кейін "Алматы жастары" бағдарламасы туралы естідім. Спойлер болсын, осы бағдарламамен үй алдым. Енді жалпы барлық процесс қалай болғанын әңгімелеп берсем.
Бұл қандай бағдарлама?
"Алматы жастары" - жылына бір рет болатын ипотекалық бағдарлама. 35 жасқа дейінгі жастарға баспана алуға тамаша мүмкіндік. Негізгі шарттарын қысқаша айта кетсем:
Тағы бір ескере кететіні - егер отбасылы адам болсаңыз, балаларыңыз болса және мамандығыңыз бойынша жұмыс істеп жатқаныңызға көп жыл болса бағдарламада негізгі тізімге өту мүмкіндігіңіз көп. Яғни әр пункт бойынша сізге балл беріледі. Егер балыңыз жоғары және барлық құжатты дұрыс тапсырған болсаңыз негізгі тізімге, яғни банкке төлем қабілетін растап, пәтер іздей бастайтындардың тізіміне өтесіз. Ал егер балыңыз сәл азырақ, бірақ құжаттарыңыз дұрыс болса "резервке" түсесіз. Демек, негізгі тізімдегі адам төлем қабілетін растай алмаса не 45 күннің ішінде үй тауып үлгермесе "резервтегі" адам оның орнына келеді. Ал құжатта бір шикілік болса мүлдем тізімге өтпегендердің қатарында жүресіз.
Бағдарламаға қатысушыларға 18 миллион теңге беріледі. Негізгі тізімге өткен адам осы сомаға ипотекаға үй ала алады немесе үстінен өз есебінен ақша қосып үй алуына болады. Мысалы сіз 25 миллионның үйін көрсеңіз, банк сізге 18 миллионын береді, ал қалған соманы өзіңіз қоса аласыз. Ал алғашқы жарна - 10 пайыз, 18 миллионның үйін алсаңыз қолыңызда шамамен 1,8 миллион теңге дайын болуы керек.
Бірінші жыл: сәтсіз
Мүмкіндігім аз екенін түсінсем де бағдарламаға тапсырып көрейін деп шештім. Бірінші жылы еңбек өтілім енді бір жылдан асқандықтан менде барлығы 2 балл ғана болды. Оның үстіне құжат тапсыру басталған күні жанталасып ең бірінші күні барлық құжатты тапсырып тастауға тырыстым. Қаншалық рас-өтірігін білмеймін, бірақ ең бірінші күні тапсырып тастасаң, негізгі тізімге өту мүмкіндігің жоғары деп айтылған еді.
Осылайша бірінші күні жанталасып тапсырғанымның салдарынан және өзімнің салғырттығымның кесірінен құжаттардың біреуін тапсыруды ұмытып кеткенмін. Асыға тізім шыққанын күтіп жүргенімде қуанышым су сепкендей басылды. Бірінші жылы бағдарламаға қатысуым сәтсіз аяқталды. Ашуланып, бұған дейін жинаған ақшама анамды алып, шетелге шығып, демалып келдім. Бірақ бұл басқа әңгіме...
Екінші жыл: бағдарламаға жолдама алдым
Екінші жылы қатысуды ойлаған кезде бұл бағдарлама биыл өтпеуі мүмкін деген сыбыстар болды. Бірақ не дегенмен де "Алматы жастары" биыл да болды.
Бірінші жылы қатысуым сәтсіз аяқталғанына қарамастан екінші жылы да бағымды сынап көрейін деп шештім. Биыл бағдарламаға өтініштер 18 мамыр мен 1 маусым аралығында қабылданды. Бұл жолы құжаттарымның бәрін мұқият тексеріп, өтініш қалдырдым. Қажет құжаттарды дайындауға жарты күніңіз ғана кетеді. Себебі бәрін электрон нұсқада лезде алуға болады. Биыл бағдарламаға қатысқан кезде жалпы 4 балл ғана жинадым. Жалпы қатысушылар саны 11 мыңнан асқанын ескерсек бұл жолы да мүмкіндігім аз деп ойлап, қандай жағдай болса да дайын болдым.
Өтініш қабылдайтын уақыт аяқталғаннан кейін тура бір айдан соң, яғни 1 шілдеде бағдарламаға жолдама алып өткендердің тізімі шықты. Бір қызығы бұл жолы мен тізім шыққанын білмей, негізгі тізімге өтіп, жолдама алғанымды әріптестерімнен естідім. Сенер-сенбесімді білмей сайтқа кіріп, өзімді жолдама алғандардың тізімінен іздей бастадым. Расында бұл жолы өткенмін, тізімде тұрмын, қуанышымда шек жоқ.
Бірақ бұл қуаныш та көпке созылмады. Себебі Алматыда 18 миллион теңгеге қаланың ішінен жақсы пәтер табу қиын екенін түсіндім. Қолымда бұған дейін жинаған аздаған ақшам ғана болды. Оны алғашқы жарнаға жұмсаймын деп жоспарладым. 18 миллионның үстіне ақша қосып, қарызданғым келмеді. Сондықтан сол 18 миллион теңгені қанағат тұтып, сол сомаға үй іздейін деп шештім.
Үй іздеу жыры
Жоғарыда айтып өткенімдей 18 миллион теңгеге Алматының орталық аудандарында үй іздеу қиынға соқты. Баспана іздеуге арналған танымал сайтты аша қалсаңыз бұл сомаға өте ескі үй, күрделі жөндеуді қажет ететін, тозығы шыққан немесе шаршы метрі өте аз пәтерді ғана ала аласыз. Тіпті бұл сомаға тұрғын үйлердің жертөлесіндегі пәтерді сатып жатқандар да болды. Айта кету керек, ипотекаға 50 жыл толмаған үйді ғана ала аласыз. Мұны ескерсек жаңадан салынған үйлерден 18 миллион теңгеге баспана алу мүмкіндігіңіз аз.
Ендігі мені "45 күннің ішінде үй таба алмаймын" деген ой мазалай бастады. Бағдарлама шарты бойынша, тізімге өткеннен кейін 45 күннің ішінде пәтер тауып, банкпен келісімшарт жасап үлгеруіңіз керек. Үлгермесеңіз резервтегі адам сіздің орныңызға өтеді. Ал сіз пәтерсіз қаласыз.
Осылайша Алматыға кіретін, бірақ орталыққа жатпайтын аудандардан үй қарастыра бастадым. Менде тек екі нұсқа болды: Alma city немесе Ақкент шағынауданындағы енді салынып жатқан Akkent тұрғын үйі. Екеуін салыстыра келе таңдауым Akkent тұрғын үй кешеніне түсті.
"Банк-ХКҚО-тұрғын үй" арасындағы өмір басталды
Екі-үш аптадай өмірім банк, тұрғын үй және ХКҚО арасында өтті. Яғни бірінші тұрғын үйдің сату бөліміне барып үйді бағдарламамен алу шарттарымен, құжаттар тізімімен және бағасымен таныстым. Артынша банкке барып, менеджермен кездесіп, қандай пәтер алғанымды түсіндіріп, ай сайынғы төлемдер туралы ақпарат алдым. Бастапқыда 18 миллионның пәтерін алсам, менеджер 14 жыл бойы айына шамамен 140 мың теңгеден төлейтінімді айтты.
Қандай пәтер алдым?
Akkent тұрғын үйінен мен жоспарлаған сомаға 41,38 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер алдым. Яғни асүйі 20,53 шаршы метр болса, жатын бөлмесі 12,15 шаршы метр. Бұл пәтердің жоспары ұнағандықтан және сомасы ойдан шығып тұрғандықтан таңдауым осы баспанаға түсті.
Пәтердің құны 17 379 000 теңге болды, яғни мен жоспарлаған сомадан 600 мың теңгеге арзан. Үйдің шаршы метрі шамамен 420 мың теңгеден. Банк менеджері 14 жыл бойы 135 мың теңгеден төлейтінімді айтты. Бұл сома менің де көңілімнен шықты.
Осылайша екі тараппен де келісіп, құжаттың бәрін заңды түрде рәсімдедік. Енді осыған дейін жалпы қанша сома жұмсалғанын айта кетсем:
Алғашқы жарна - 1,8 миллион теңге (шамамен)
Халыққа қызмет көрсету орталығында үйді ресми тіркеу үшін төленген баж салығы - 3 063 теңге
Банктегі құжаттарды рәсімдеуге - 115 000 теңге.
Қорыта есептегенде, үй алуды заңдастырып, алғашқы жарнасын төлеуге 1 918 063 теңге жұмсалды.
Құрылыс компания өкілдерінің айтуынша, мен таңдаған пәтер 2023 жылдың жазында толық салынып, кілті табысталады. Оған дейін биыл қыркүйектен бастап ипотеканы төлей бастаймын. Бірінші ай 112 мың теңге төледім. Ендігі айдан бастап 135 мың теңгеден төлей бастаймын. Бұл сома 14 жыл бойы өзгермейді.
Нарықтағы жағдайды ескерсек, өз басым "Алматы жастары" бағдарламасымен баспананы сәтті алдым деп ойлаймын.
Қорыта айтқанда: "Әрекетке - берекет" - ақша жинаңыздар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!