Екі дос демалысқа бірге ұшқан: Ұшақ апатынан қаза тапқан маңғыстаулық мұнайшылар кімдер?

"МұнайФилдСервис" ЖШС бас директоры Нұрлан Белшер өзінің әріптесі, Ақтау маңында апатқа ұшыраған Embraer ERJ-190 ұшағында болған механикалық-энергетикалық бөлімнің инженері Сәндібек Төлесінов туралы естелігін бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі - Сәндібек Төлесінов. Ол 1988 жылы дүниеге келген, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тумасы.

Сәндібек Төлесінов "Өзенмұнайгаз" АҚ-ның мердігер ұйымы "МұнайФилдСервис" ЖШС механикалық-энергетикалық бөлімінің инженері болып жұмыс істеген. Компания мәліметінше, марқұм бұл салада 16 жыл еңбек еткен.

Ұшақ апатынан қаза тапқандардың арасында Маңғыстау облысының тағы бір тумасы бар. Ол - Бауыржан Жұмағұлов, 1985 жылы дүниеге келген. Ол да Жаңаөзен қаласынан.

Бауыржан Жұмағұлов "ҚазМұнайГаздың" еншілес компаниясы "Өзенмұнайсервис" ЖШС-ның жұмысшысы, 4-ші дәрежелі бұрғышының көмекшісі болған. Компания мәліметінше, марқұм мұнда 2008 жылдан бері еңбек еткен, өзін адал және білікті маман ретінде көрсеткен.

"МұнайФилдСервис" ЖШС бас директорының айтуынша, Сәндібек Төлесінов осы компанияда жұмыс істеген әріптесі әрі досы Бауыржан Жұмағұловпен бірге демалысқа ұшқан.

Марқұмның денесі әлі Жаңаөзенге жеткізілген жоқ, өйткені сараптама жүргізіліп жатыр.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15:55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!