Алматы қаласының тұрғыны Салтанат Мұратова екі баласымен далада қалған. Оның қиын тағдыры "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Салтанат - Түркістан облысының тумасы. Қазір ол Алматы көшелерінде бір үзім нан үшін майлық сатып ақша табуға мәжбүр.
"Күнкөрістің қамы. 65 теңгеден аламын, 150 теңгеден сатамын. 3000, 4000, кейде 5-6000 (табамын - еск.). Жасым 34-те", - дейді Салтанат.
Салтанат анасы қайтыс болғаннан кейін оқу оқымай, егінде жұмыс істеуге кірген. Ал кейін тұрмысқа шыққан.
"Бірінші күйеуіммен телефон арқылы таныстым. Бес рет кездестік. Мен Алматыға келдім, ол Шымкентке барды. Бесінші кездескен кезде "мен саған үйленемін" деп алып кетті. Жеті айдай ма сөйлесіп жүрдік. 27 жасымда шықтым (тұрмысқа - еск.). Басында бәрі жақсы болды. Екі айдан кейін жұмысқа шығып кеттім. Тағы да қара жұмысқа, даланың жұмысына. Күндік ақшамды енеме беріп жүрдім. Ұрыс-керістер, келіспеушілік басталды. Баяғы көргенімді ол үйде де көргеннен кейін көңілім қалды. Күнде жұмысқа шығуым, күнде ақша келуім керек, былай айтқанда, құл болдым. Ол да (күйеуім де - еск.) жұмыс істеді", - дейді ол.
Салтанат кейін бірінші күйеуімен ажырасып, тағы да тұрмысқа шыққан. Алайда уақыт өте келе ол күйеуімен де ажырасқан. Бұл кезде оның аяғы ауыр болыпты. Әйел екінші күйеуімен ажырасуының себебін оның көп ішкенімен байланыстырады.
Салтанат жағдайын айтып, әкімдікке де жүгінгенін, балалардың әкелерінен де көмек сұрағанын айтады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!