- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сүндетке отырғызу
Екі баланы қатар сүндеттегенде жасалатын ырым бар ма?
Қазақта шілдеханадан кейінгі атаулы тойдың бірі - сүндет той. Халық ежелден бұл қуанышқа ерекше көңіл бөледі. Сүндеттелген баланы атқа отырғызып, көрімдігіне мал атап отырады. Бұл салт-дәстүрде екі баланы қатар сүндетке отырғызу да жиі кездеседі. Алайда мұндай кезде қандай жөн-жоралғы жасау керегін білмейтін адамдар жиі кездеседі. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі сүндетке отырғызудың мән-мағынасын Болат Бопайұлынан сұрады.
Баланы не үшін сүндетке отырғызады?
Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, кейбір қоғамдарда сүндеттеу тазалықты сақтау үшін жасалады. Ол бұл көзқарас ислам және иудаизм діндерінде де кездесетінін айтады. Ал ислам және иудаизм діндерінде сүндеттеу - діни міндет, азаматтық парыз.
"Исламда сүндеттеу Мұхаммед пайғамбардың сүннеті деп мойындалған. Сүндетке отырмаған ер адам толыққанды мұсылман бола алмайды деп қарайды. Жалпы түркі халықтарында сүндеттеу ер бала бойындағы ержетудің белгісі және қоғамдағы мәртебесін көрсету үшін жасалады деп қараған. Оған қоса, сүндеттеу тазалықты сақтауға көмектеседі. Кейбір медициналық зерттеулер сүндеттелген ер адамдарда белгілі бір инфекциялар мен аурулардың аз кездесетінін не мүлде жоқ екенін көрсеткен. Сонымен қатар сүндеттеу жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен басқа да аурулардың алдын алуға көмектесетінін, бүгінгі дамыған заманауи медициналық зерттеулер де толық дәлелдеп отыр", - деп түсіндірді маман.
Баланы қанша жаста сүндеттеу керек?
Қазақ дәстүрінде сүндеттеу баланың денсаулығы мен дайындық деңгейіне байланысты көбінесе 3, 5, 7 жас шамасында өткізіледі. Кейбір жағдайларда баланың жағдайына қарай басқа жаста да жасалуы мүмкін.
Сүндет рәсімнің өту жолы
- Баланы сүндетке отырғызбас бұрын арнайы дайындық жұмыстары жүргізіледі. Бұл кезде баланың психологиялық дайындығы, денсаулық жағдайы ескеріледі.
- Баланы арнайы дайындалған дәрігер немесе молда сүндеттейді. Бұл рәсімді өткізу барысында медициналық құрал-жабдықтар қолданылады.
- Қазақ халқында сүндеттеу рәсімі үлкен "Сүндет той" ретінде өткізіледі. Бұл тойға туыс, дос және көрші, ағайын шақырылады. Сүндет тойда балаға ақ бата және қымбат сыйлықтар беріледі, оның ішінде киім-кешек, ойыншық және ақша бар. Бұл баланың қуанышына қуаныш қосып, рәсімнің маңыздылығын арттырады.
Екі баланы қатар сүндеттегенде жасалатын ырым бар ма?
Әр дәстүрдің түбінде бір құпия тылсым бар. Сондықтан екі баланы қатар сүндеттегенде ерекше ырым-тыйымның қолданылатыны да таңғаларлық жайт емес. Этнографтың сөзінше, мұндай ырым-тыйымның бірнеше түрі бар.
"Тоқтының терісін жабу"
Екі баланы қатар сүндеттегенде олардың үстіне жаңа сойылған тоқтының терісін жабатын ырым бар. Тері жылы болғандықтан, денсаулыққа пайдалы саналған, әрі малдың құты балаларға өтеді деп сенген.
"Келісім шартын бекіту"
Егер екі баланың бірі бөтен үйдің баласы болса, онда екі жақ бір-біріне арнайы сыйлықтар (ат, шапан) береді. Бұл дәстүр "аманшылық кепілі" ретінде орындалады.
"Бәсекеден сақтану"
Екі баланы қатар сүндеттегенде балалардың арасында бәсекелестік туындамауы үшін ерекше тілектер айтылып, олардың бір-біріне тірек болатынына сенім білдірілген.
"Қапшық қуыршақтың ішін шөпке толтырып, баланың жанына жатқызған"
Ертеде бір үйдің екі баласын қатар сүндеттеу кезінде қапшық қуыршақтың ішін шөпке толтырып, баланың жанына жатқызған. Өйткені бір үйдің екі баласын бірдей сүндеттеуге болмайды. Әйтпесе, біреуі ауырсынып, ұзақтау жатып қалады деген наным-сенім бар. Қуыршақ жатқызуының себебі - ібілістің әскері екі бірдей қуанышты ата-анасынан қызғанып, біреуін алып кетпекке жетіп келеді екен. Сол кезде шетте жатқан үшінші баланы алып кетеді-міс. Үшінші боп жатқан шөп пішпеленген қуыршақ қапшық болғандықтан, ауыртпалық қапшыққа түсіп, екі бала ауыртпалықтан құтылады деген ырымға сенген.
"Бұл ырымдар халықтың бала денсаулығы мен болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді, әрі қауымдастық бірлігін нығайтудың көрінісі", - деді Болат Бопайұлы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә