Екі айда жол ережесін 308 рет бұзған ақтөбелік ұсталды

Ақтөбеде заң бұзған жүргізуші 11 млн теңге айыппұл арқалады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қараша айында ақтөбелік полицейлер екі айдың ішінде жол ережесін 308 рет бұзып, жылдамдықты асырған жігітті ұстады. Шетелдік нөмірі бар ВАЗ-2114 автокөлігін басқарған 35 жастағы қала тұрғыны облыс орталығының көшелерінде бірнеше рет рұқсат етілген жылдамдықтан асып түсті.

"Қорғау" жүйесінің көмегімен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүргізушіні ұстап, оның қыркүйектің ортасынан бастап 300-ден астам жылдамдық режимін асырумен байланысты құқықбұзушылық жасағанын анықтады. Айыппұлдардың жалпы сомасы - 11 млн 573 мың теңге.

"Құрметті азаматтар! Заңды сақтаңыз және қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін әрекеттерді жасамаңыз. Тек бірлескен күш-жігермен, адалдық пен ашықтық арқылы біз тәртіп пен әділеттілік орнаған қоғам құрамыз", - дейді полицейлер. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина