Ақтөбенің Темір ауданында шенеуніктер Кеңкияқ пен Шұбарқұдық ауылдарындағы су құбырын жөндеуге бөлінген қаражатты талан-таражға салған, - деп хабарлайды "Массагет" тілшісі Аstana телеарнасына сілтеме жасап.
Бюджеттің 14 миллион теңгесін жеп қойды деп айыпталған аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы болған Жәнібек Айдашев пен оның екі сыбайласы сотталды. Сот материалы бойынша, аталған бөлім басшысы коммуналдық мекемесінің директорымен сөз байласып, өзінің досына тиесілі мердігер мекемемен құбырдың жөнделгені туралы жалған құжаттар жасаған. Сөйтіп, үшеуі бюджет қаражатын өзара бөліп алған. Сотталушылар кінәні толық мойындап, ұрланған қаражатты мемлекетке қайтарған. Бірақ, жазадан қашып құтыла алмады.
"Сот үкімімен Айдашевқа 2 жыл 6 ай, Советоваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушылардың екеуі де өмір бойына мемлекетік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды. Тілеуғалиге 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау орнатыла отырып, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды", - деді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлжанар Отарбаева.