- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Екі аптадан бері...
Екі аптадан бері азық-түліксіз, дәрі-дәрмексіз: Ақмола облысында төрт ауыл жолсыз қалды
Ақмола облысында жолды су шаюы салдарынан төрт ауыл сыртқы әлеммен байланыссыз қалды. Халық екі аптадан бері қарапайым азық-түлік пен медициналық дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай отыр. Тіпті науқастарды ауруханаға жеткізу үшін тұрғындар қайықпен өтуге мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Есенгелді, Новомариновка, Сепе және Сочинское ауылдары тұрғындары жолдың ауыр азабын тартып келе жатқанына бірнеше жыл болған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұған Атбасар-Сочинское тасжолындағы көпір салынуының ұзаққа созылып кетуі басты себеп болған.
Ауыл тұрғындары аудан орталығы Атбасар қаласына дейін ойлы-шұңқыр айналма жол арқылы жүруге мәжбүр екендерін жеткізді. Қыс бойы бірнеше мәрте жолға шыға алмай қалатын тұрғындар бұл жолы су шайып кеткендіктен, төрт бірдей ауыл сыртқы әлеммен мүлде байланыссыз қалғанын айтады.
"Жолдың қазіргі жағдайы өте сұмдық. Кашкарка өзені жолды тұтастай шайып кетті. Төрт бірдей ауыл тұрғындары ешқайда шыға алмай қалдық. Қыста жолға шыққанда төрт ауылдың көліктері бірлесіп, тұтас колоннамен жолға бірге жүреміз. Бір жылы қатты боран соғып, Атбасар қаласынан әкім ротор шығып тазалайды деген соң 40 шақты көлік жолға шыққанбыз. Ротор көлік орта жолда арши алмай тұрып қалды. Қырық көлікте азық-түлік, жанармай таусылып, тәулік бойы мұздап, төтенше жағдайлар қызметінің көмегімен зорға аман қалғанбыз. Айлар бойы жолсыз қалатын кез аз болмайды. Бұл жолы тіпті қиын жағдай. Халық екі апта бойы азық-түліксіз, дәрі-дәрмексіз қалып отыр. Екі апта бойы дүкенге ешқандай тауар әкеле алмай отырмыз. Біреу-міреу қатты сырқаттанып ауыра қалған жағдайда қайықпен жеткізуге тура келеді. Көпір салынып жатқанына үш жылдан асты. Жылда істеп жатады. Бірақ әлі аяқталмай келеді. Тұрғындар бірнеше апта бойы аудан орталығына жете алмай отыр. Өмірлеріне қауіп төнсе де басын бәйгеге тігіп, қайықпен арғы бетке өтіп жүргендер бар", - дейді Сочинское ауылының тұрғыны Ирина Актелинова.
Тұрғындар жолдың ауыр жағдайын айтып, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа ұжымдық хат та жолдаған. Бірақ құзырлы органдардан жауап жоқ, мәселе қашан шешімін табатыны әлі белгісіз күйде қалып отыр.
Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдері Атбасар-Сочинское арасындағы көпірдің салынуы неге ұзаққа созылып кетуінің себебін айтты. Басқарма өкілдері баға көтерілуі жобаның созылуына себеп болғанын жеткізді.
"Атбасар-Сочинское тасжолының 19-шақырымында көпір құрылысы 2021 жылы басталған. Құрылыс баға шарықтап кетуіне байланысты бірнеше рет түзетуге ұшырады. Бұрынғы апат жағдайындағы көпір бұзылып, тіреулері мен беларқалары алынды. Биыл жұмыстар одан әрі жалғастырылады. Қазір айналма жолды Қашқар өзені шайып кеткендіктен барлық көліктің қозғалысына шектеу қойылған. Су деңгейі түскеннен кейін көліктердің жүруін қалпына келтіру үшін айналма жолға қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіледі", - дейді Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілі.
Ал Атбасар ауданының төтенше жағдайлар басқармасы өкілдері ауылдарды су шаюы жылда қайталанатын қалыпты жағдай екенін айтты. Оның айтуынша, көпір салынғанша тұрғындар көктемгі су тасқынында жолды қайықпен өткізуден басқа амалы жоқ. Тіпті ҰБТ-ге баратын балаларды да қайықпен өткізуге мәжбүр болған.
"Тұрғындар айтқандай екі апта емес, бір апта бойы бес құтқарушы қызметкеріміз қайықпен жол өткелінде халықты ары-бері тасымалдап жатыр. Бұл - жылда қайталанатын жағдай. Халық түгелдей хабарландырылған. Жағдай қалыпты. Көпір салынса, барлық мәселе шешіледі. Жол басқармасы мәселені қалай шешеді, бәрі соған байланысты. Енді төрт-бес күнде судың беті қайтуға тиіс. Тұрғындарға осылай көмек қолын создық. Судан қайықпен өткізуден басқа амал жоқ. Мәжбүр болғандықтан осындай әрекетке көштік. Басқа не істей аламыз?" - дейді Атбасар ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ерболат Әшкенов.
Құзырлы органдар су деңгейі қайтуын күтіп отыр. Ал төрт бірдей ауыл халқы қашанға дейін жол азабын тартатыны беймәлім.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова